Қауіпті нысандардағы заң бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін сыйақы беріледі

Өзбекстанда қауіпті өндірістік нысандарда, техникалық құрылғыларда, радиациялық және ядролық қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру тәртібі енгізіледі.
Үкіметтің 223-нөмірлі қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздан бастап тиісті комитетке заң бұзушылық фактілері бойынша фото немесе видео дәлелдеме ұсынған тұлғалар ақшалай сыйақымен марапатталады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, жіберілген материалдарда құқық бұзушылықтың мәні анық көрінуі керек. Сондай-ақ кадрларда оқиға болған күн, уақыт және нысанның орналасқан жері туралы ақпарат айқын көрінуі тиіс. Яғни, жай ғана «бірдеңе дұрыс емес сияқты» деген видео емес, нақты дәлелдеме талап етіледі.
Өтініш түскеннен кейін комитет оны 3 жұмыс күні ішінде оқиға орнына барып тексеруі міндетті. Егер жағдай расталып, заң бұзушыға айыппұл салынса, хабар берген азамат өндірілген айыппұл сомасының 20 пайызы мөлшерінде сыйақы алады.
Бұл тәртіп, ең алдымен, қауіпті нысандарда қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Өйткені өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы кез келген немқұрайлылық ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай жерлерде «өте берер» деген көзқарасқа орын жоқ.
Сыйақы жүйесі азаматтарды бейжай қалмауға, қауіпсіздік талаптарына қайшы жағдайларды уақытында хабарлауға шақырады. Әсіресе өндірістік нысандарда, техникалық құрылғыларда немесе қауіпті аймақтарда заң бұзушылық байқалса, оны ресми түрде тіркеу және жауапты мекемелерге жеткізу маңызды.
Сонымен қатар, бұл тетікті негізсіз шағым немесе жеке бастың кегі үшін пайдаланбау да маңызды. Өйткені тексеру дәлелдемелер негізінде, оқиға орнына барып жүзеге асырылады.
Қысқасы, жаңа тәртіп қауіпсіздік мәдениетін арттыруға қызмет етеді деп күтілуде. Енді қауіпті нысандардағы заң бұзушылықты көріп, үндемей өтіп кету емес, оны ресми дәлелмен хабарлау азаматтық жауапкершілікке айналады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!