Өзбекстанда 4000 жыл бұрын бас сүйегіне ота жасалған бала табылды

Сурхандария облысындағы көне Жарқұтан қонысында жүргізілген қазба жұмыстары барысында бірегей археологиялық олжа табылды. Италиялық және өзбекстандық ғалымдар шамамен 4000 жыл бұрын өмір сүрген баланың бас сүйегінен хирургиялық ота іздерін тапты.
Италия Сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қабір ішінен екі баланың қалдықтары анықталды. Олардың бірінің бас сүйегінде трепанация, яғни бас сүйегін арнайы тесуге байланысты көне хирургиялық ота іздері тіркелген.
Мамандардың пікірінше, бұл Орталық Азия аумағында осы уақытқа дейін құжатталған ең көне трепанация жағдайы болуы мүмкін. Олжаны Саленто университетінің профессоры Энрико Аскалоне мен Термез мемлекеттік университетінің профессоры Алишер Шайдуллаев бастаған Италия–Өзбекстан археологиялық экспедициясы зерттеді.
Қабірде шамамен үш және бес жасар екі бала бірге жерленгені анықталды. Ғалымдар қабірдің жасы шамамен 4000 жыл екенін атап өтуде.
Зерттеушілер бұл отаның қандай мақсатта жасалғанын әзірге нақты айта алмайды. Ол емдеу, ауырсынуды басу немесе ғұрыптық мақсатта жасалуы мүмкін. Алдағы ғылыми зерттеулер бұл жұмбақтың бетін ашады деп күтілуде.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!