Telegram жеке хат-алмасулардың қорғалуына байланысты Франция нарығынан шығып кетуі мүмкін

«Telegram» негізін қалаушы Павел Дуров егер Франция билігі пайдаланушылардың жеке хат-алмасуларына қол жеткізу құқығын талап етуді жалғастыра берсе, сервис бұл елдің нарығынан толықтай кететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік өкілеттіктердің ақпараттық салада кеңеюі ақпараттың жылыстауы мен теріс пайдалану қаупін тудырады.
Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды.
Дуров өз пікірін негіздеу үшін полиция статистикасын мысалға келтірді. 2026 жылдың басынан бері Францияда криптовалюта иелерін ұрлаумен байланысты 41 жағдай тіркелген.
Сондай-ақ, ол Иль-де-Франс аймағының салық қызметі қызметкері жабық базалардағы мәліметтерді сатты деген күдікке ілінгенін еске салып өтті. Кәсіпкердің пікірінше, жиналатын мәліметтер көлемінің артуы мұндай қатерлерді одан әрі күшейтеді.
Бұдан бөлек, Дуров жақында ANTS агенттігіне жасалған хакерлік шабуылға тоқталып өтті. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, бұл шабуыл нәтижесінде кем дегенде 10 миллион пайдаланушының жеке мәліметтері желіге жылыстап кеткен болуы мүмкін.
Дәл осы себепті «Telegram» жемқорлыққа бой алдырған бюрократтарға жеке хат-алмасуларды ұсынғаннан көрі, Франция нарығынан шығып кетуді жөн көреді.
Еске сала кетейік, Павел Дуров 2024 жылдың тамыз айынан бері Францияда тергеу астында. Оған мессенджер арқылы заңсыз әрекеттерге көмектесті деген айып тағылған болатын.
Ол 5 миллион еуро кепіл ақша есебінен босатылып, кейіннен елден шығу бойынша шектеулер алынып тасталғанымен, тергеу амалдары әлі де жалғасуда.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!