date

Өзбекстанда әрбір 34 секунд сайын сәби дүниеге келеді

Өзбекстанда әрбір 34 секунд сайын сәби дүниеге келеді

Өзбекстанда туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталуда — әр минут сайын екі нәресте дүниеге келеді, деп хабарлады oila-gen.uz.

Отбасы және гендер ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, 2024 жыл ішінде ел бойынша 926,4 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Бұл сандар тек статистика ғана емес, халық санының өсуін, отбасы санының көбеюін және жас ұрпақ үлесінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Талдауларға қарағанда, елде тәулігіне орта есеппен 2 531 сәби дүниеге келеді. Бұл әр сағатта 105, әр минутта екі және шамамен әр 34 секунд сайын бір нәресте туылады деген сөз.

Салыстыру үшін: Қазақстанда бұл көрсеткіш минутына 0,6 адамды, Тәжікстанда 0,5 адамды, Қырғызстанда 0,3 адамды құрайды. Түркияда минутына 3, Германия мен Францияда 1,4, Қытайда 17, ал Үндістанда 43 бала дүниеге келеді.

Институт мамандарының айтуынша, бұл деректер жай ғана статистика емес. Олар елде отбасы институтының нығайып жатқанын, жастар үлесінің жоғары екенін және демографиялық өсудің белсенді кезеңде екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, халық санының өсуі еңбек нарығында, білім беру жүйесінде және әлеуметтік инфрақұрылымда сұраныстың артуына әкеледі. Яғни, бүгінгі сәбилер — ертеңгі кадрлар, мұғалімдер мен мамандар.

Демографтардың пікірінше, Өзбекстан қазір «демографиялық дивиденд» кезеңін бастан кешіруде — яғни, еңбекке қабілетті халық үлесі артып, экономикалық өсім үшін жаңа мүмкіндіктер туындап отыр.

Мамандар атап өтеді: отбасы санының көбеюі тек статистикалық өсім ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттың болашақ әлеуетінің көрсеткіші. Себебі әрбір нәресте — бұл жаңа өмір, жаңа үміт және елдің ертеңіне қосылған қымбат үлес.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Өзбекстанда әрбір 34 секунд сайын сәби дүниеге келеді