
Өзбекстанның ресми алтын-валюта қоры соңғы жылдары байқалмаған деңгейге дейін өсті. Орталық банк дерегінше, 2025 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша елдің халықаралық резервтері 59,3 миллиард долларға жетті, деп хабарлады Spot.uz. Бұл көрсеткіш ел тарихындағы ең жоғары нәтиже ретінде тіркелді.
Орталық банк есебінде резервтер бір айдың ішінде 4,3 миллиард долларға артқаны айтылған. Бұл өсім, негізінен, жыл басынан бері әлемдік нарықта алтын бағасының шамамен 50 пайызға қымбаттауы арқылы түсіндіріледі.
Қазан айында валюталық активтер 731 миллион долларға артса, алтын қорының құны 3,6 миллиард долларға өсіп, 47,8 миллиард долларға жеткен. Сондай-ақ алтынның физикалық көлемі де ұлғайып, 11,6 миллион трой унциядан 11,9 миллион унцияға дейін көтерілген.
Сонымен қатар, Орталық банк балансындағы бағалы қағаздар портфелінің құны да аздап өсіп, 1 миллиард 23 миллион долларға жеткені көрсетілген.
Сарапшылар алтын бағасының күрт көтерілуін жаһандық қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықпен, геосаяси қайшылықтармен және АҚШ Федералдық резерв жүйесінің саясатына енгізілген өзгерістермен байланыстырады.
Экономистердің айтуынша, бұл жағдай Өзбекстанның қаржылық тұрақтылығын нығайтып, сыртқы соққыларға төтеп беру қабілетін арттыруы мүмкін.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!