Жерді тиімді пайдалану үшін жаңа салық шаралары

Өзбекстанда ЎРҚ–1128-сон қонун қабылданып, Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске бірқатар толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Жаңа тәртіптер ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануды күшейтуге бағытталған.
Заңға сәйкес, жерді екінші жалға алу негізінде пайдаланатын тұлғалар ауыл шаруашылығына арналған жер учаскелерінің егістік шет аймақтарында, каналдар, суару және коллектор-дренаж жүйелері бойындағы белгіленген аумақтарда агротехникалық талаптарға сай дақылдар егілмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай жағдайда айыппұл мөлшері базалық есептік шаманың 1 есесінен 3 есесіне дейін белгіленеді.
Сонымен қатар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, Өсімдіктер карантині және қорғау агенттігі жыл сайын 1 мамырға дейін көрсетілген талаптар орындалмаған жер учаскелері мен олардың иелері туралы ақпаратты мемлекеттік салық органдарына электронды түрде, нақты уақыт режимінде ұсынуға міндетті болады.
Осы ақпарат негізінде агротехникалық талаптарға сай толық егілмеген жер учаскелері үшін жер салығы ағымдағы жылы 3 есеге арттырылған мөлшерде есептеледі. Бұл шара пайдаланылмай жатқан немесе тиімсіз пайдаланылатын жерлерді болдырмауға бағытталған.
Заң ресми жарияланған күннен бастап 3 ай өткен соң күшіне енеді.