Қаздар неге аспанда V пішінінде ұшады? Мұның сыры неде?

Қаздар неге аспанда V пішінінде ұшады? Мұның сыры неде?

Аспанда V пішінінде тізіліп ұшып бара жатқан қаздарды көрдіңіз бе? Бұл көрініс жай ғана әдемілік емес. Оның артында құстардың ұзақ қашықтықты аз күш жұмсап жүріп өтуіне көмектесетін таңғажайып табиғи механизм бар.

Мәселе мынада: қаз қанат қаққанда оның қанат ұштарының айналасында ауа құйындары пайда болады. Бұл құйындар құстың артқы-бүйір жағында жоғары бағытталған ауа ағынын тудырады. Ал арттағы қаз дәл осы ағынды пайдаланып, ауада қалықтап тұру үшін аз күш жұмсайды. Нәтижесінде, топтағы құстар жеке ұшқанға қарағанда энергияны үнемдей алады.

Алайда, бұл үшін олар дұрыс орналасуы керек. Егер құс алдындағы қаздың артындағы қолайсыз ауа ағынына тап болса, керісінше, көбірек күш жұмсайды. Сондықтан олар бір-бірінен белгілі бір қашықтықта және бүйірге ығыса отырып, V пішінін құрайды.

Көшбасшылық та кезекпен жүзеге асырылады

Топтың ең алдында ұшу оңай емес. Өйткені көшбасшы қаз арттағылар пайдаланып жатқан қолайлы ауа ағынынан мақұрым қалады және көбірек күш жұмсайды. Сол себепті кейбір құстар кезектесіп алға шығып, басқаларына көшбасшылықты тапсырады.

Ғылыми бақылауларда құстардың тек орналасуын ғана емес, қанат қағу қозғалыстарын да бір-біріне бейімдейтіні анықталған. Бұл оларға ауа ағынын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді.

Қаздардан адамдар да үлгі алса болады

Табиғаттағы бұл үдеріс адам өмірі үшін де тамаша сабақ бола алады. Отбасында, қоғамда немесе ұжымда барлық жауапкершілікті бір адамның мойнына жүктеу дұрыс емес. Кейде бір адам алға шығып жол ашады, ал басқалары оған қолдау көрсетеді. Уақыты келгенде көшбасшылықты басқасы қолға алады.

Қаздар бір ақиқатты еске салады: ұзақ жолды жүріп өту үшін тек күшті болу емес, бір-бірін қолдау және жауапкершілікті бөлісу де маңызды.

Пікірлер 0

…

Байланысты жаңалықтар