date

Енді кіреберістер міндетті түрде тазаланады: жаңа ережелер бекітілді

Енді подъездер міндетті түрде тазаланады: жаңа ережелер бекітілді

Өзбекстанда көп пәтерлі үйлерде тұратындар үшін маңызды жаңалық жарияланды. Жаңа тәртіпке сәйкес, енді үйлердің кіреберіс дәліздері мен баспалдақтарын аптасына кемінде бір рет тазалау міндетті болып белгіленді.

Мәлім етілгендей, бұл талап Әділет министрлігі тарапынан 29 сәуірде мемлекеттік тіркеуден өткен «Көп пәтерлі үйлерді күтіп ұстау және оларды пайдалану ережелерінде» көрініс тапқан.

Жаңа ережелерге сәйкес, көп пәтерлі үйлер үшін басқару органдары жалпы техникалық паспорт жүргізуі тиіс болады. Сондай-ақ, олар ғимараттың жүк көтергіш конструкцияларын, бейнебақылау жүйелері мен домофондарды үнемі жұмыс істеп тұрған күйде сақтау, қажетті шикізат пен жабдықтарды сатып алу жұмыстарын да жүзеге асырады.

Сонымен қатар, үй қасбеті немесе жалпы пайдалану аумақтарында әртүрлі сәулет элементтерін, жарнама мен хабарландыруларды тек меншік иелері жиналысының шешімі негізінде орнатуға болады. Үйлердегі шу деңгейінің белгіленген санитариялық нормалардан асып кетпеуі қатаң талап ретінде атап өтілді.

Ережелердегі тағы бір маңызды тұс — санитариялық жұмыстарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, қажеттілік туындаған жағдайда баспалдақтар, лифтілер, қоқыс жиналатын орындар мен жертөлелерде дезинфекция, дезинсекция және дератизация жұмыстары жүргізіледі.

Егер жертөледе құбыр апаты салдарынан су немесе ағынды су жиналып қалса, басқару органы оны 24 сағат ішінде жоюы міндетті.

Жаңа тәртіпке сай, лифт бөлмелері де аптасына бір рет тазаланады және лифт жабдықтары үнемі техникалық бақылаудан өткізіліп тұрады.

Бұдан бөлек, көп пәтерлі үйлерде бірқатар тыйымдар да енгізілді. Атап айтқанда:

  • Балкондар мен лоджияларға өрт қаупін тудыратын жабдықтарды орнатуға болмайды;
  • Балкондарда ауыр заттарды сақтауға тыйым салынады;
  • Қасбет жағына киім-кешек немесе кілем ілуге болмайды (ішкі жағы бұған жатпайды);
  • Үй жануарларын жалпы орындарда ұстауға рұқсат етілмейді;
  • Баспалдақтарда жанғыш материалдарды қалдыруға тыйым салынады;
  • Жылыту жүйесіне өз бетінше өзгеріс енгізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, автокөліктерді көгалдарға, балалар ойын алаңдарына, тротуарларға немесе кіреберіс жолдардың алдына қою да енді заңбұзушылық болып саналады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Енді кіреберістер міндетті түрде тазаланады: жаңа ережелер бекітілді