date

Мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа жұмыс шектеуі енгізіледі

Өзбекстанда мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеген кейбір басшылар мен жауапты қызметкерлердің кейін өздері бақылаған ұйымдарға жұмысқа ауысуына қатысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл ретте мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған тиісті ереже жобасы әзірленді.

Жобаға сәйкес, мемлекеттік органда немесе басқа ұйымда еңбек шарты тоқтатылған немесе қызметтен босатылған қызметкер соңғы екі жыл ішінде өзі тікелей немесе жанама түрде бақылаған ұйымға жұмысқа орналасқысы келсе, алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі бақылау бөлімінің қорытындысы талап етіледі.

Яғни, бұрынғы басшы немесе жауапты қызметкер өз өкілеттігі кезінде бақылаған, тексерген немесе шешімдеріне әсер еткен ұйымға тікелей жұмысқа ауыса алмайды. Бұл процесс алдын ала арнайы зерттеліп, сыбайлас жемқорлық қаупінің деңгейі бағаланады.

Құжатта бұл тәртіптің негізгі мақсаты мүдделер қақтығысына жол бермеу, қызметтік өкілеттіктерді жеке мүдде жолында пайдалану қаупін азайту және «айналмалы есік» жағдайларының алдын алу екені атап өтілген.

«Айналмалы есік» деп, әдетте мемлекеттік лауазымда істеген адамның өзі бақылаған немесе әсер еткен ұйымға кейін жұмысқа ауысуы түсініледі. Мұндай жағдайларда бұрынғы қызметтік өкілеттіктер, байланыстар немесе ішкі ақпараттар жеке мүдде үшін пайдаланылуы мүмкін.

Ереже жобасын мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер, мемлекеттік мекемелер, сондай-ақ мемлекеттік үлесі 50 пайыздан жоғары акционерлік қоғамдардың басшылары мен басқарушы қызметкерлеріне қатысты қолдану көзделуде.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жұмысқа қабылдаушы ұйым бұрынғы қызметкердің соңғы жұмыс орнынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ішкі бақылау бөлімінің қорытындысын міндетті түрде сұратып алуы шарт болады. Мұндай қорытынды болмаса, жұмысқа қабылдауға жол берілмейді.

Жобада сыбайлас жемқорлық қаупінің деңгейі «төмен», «орташа» және «жоғары» санаттарға бөлінген. Егер тексеру нәтижесінде «жоғары» қауіп анықталса, қызметкерді жұмысқа қабылдаудан бас тартылады.

Сондай-ақ, теріс қорытындыға қарамастан немесе қорытындысыз жұмысқа қабылдаған лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіпте жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Қысқасы, жаңа жоба мемлекеттік қызметте ашықтықты арттыруға, мүдделер қақтығысын азайтуға және басшы қызметкерлердің кейінгі еңбек қызметін заңды бақылауға алуға бағытталған. Мұндағы негізгі идея қарапайым: лауазымнан кеттің бе, бақылаған жеріңе «тыныш қана» ауысып кету енді оңай болмайды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Мемлекеттік қызметкерлер үшін жаңа жұмыс шектеуі енгізіледі