date

Күніне 100 минут жүру бел ауруын айтарлықтай азайтады

Күніне 100 минут жүру бел ауруын айтарлықтай азайтады

Бел ауруынан зардап шегушілер үшін жаңа үміт пайда болды. Норвегия және Дания ғалымдары жүргізген ғылыми зерттеулер жүрудің бел денсаулығына оң әсерін дәлелдеді.

Мамандардың айтуынша, күніне кемінде 100 минут жүру созылмалы бел ауруының қаупін шамамен 25 пайызға төмендетеді. Бұл туралы зерттеу жетекшілерінің бірі, профессор Райан Хаджадж мәлімдеді. Оның айтуынша, жаяу жүру - арзан, оңай және көпшілікке қолайлы салауатты іс-әрекет, ол бел ауруын жеңілдетіп қана қоймай, жалпы физикалық жағдайды жақсартады.

Зерттеуге 20 жастан асқан 11 мыңнан астам адам қатысты. Олар 2017-2019 жылдары арнайы акселерометр құрылғыларын киіп жүріп, апталық белсенділік көрсеткіштерін өлшеген. Кейінірек, 2021-2023 жылдары олардың денсаулығы қайта бағаланып, бел ауруының белгілері бар-жоғы тексерілді.

Қатысушылар жүру уақытына қарай төрт топқа бөлінді:

- 78 минуттан аз жүргендер;

- 78-100 минут жаяу;

- 101-124 минут жүретіндер;

- 125 минуттан астам жүргендер.

Нәтижелер көрсеткендей, жүру уақыты ұзарған сайын бел ауруының ықтималдығы азайды. Сонымен қатар, орташа немесе жылдам жүріс созылмалы аурулардың алдын алуда баяу жүріске қарағанда әлдеқайда тиімді екені анықталды.

Бүгінде әлемде 600 миллионнан астам адам бел ауруынан зардап шегеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бұл сан 2050 жылға қарай 843 миллионға жетуі мүмкін.

Ғалымдар бұл нәтижені адамдарды белсенді әрекетке итермелейтін маңызды ғылыми негіз деп санайды. Демек, күн сайын бір сағаттан аз жүру ағзаға пайдалы ғана емес, сонымен қатар бел ауруларынан құтылудың табиғи және қауіпсіз жолы.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Денсаулық » Күніне 100 минут жүру бел ауруын айтарлықтай азайтады