АҚШ-та көше жарысын ұйымдастырған өзбекстандықтар ұсталды

АҚШ-тың Огайо штатында заңсыз көше жарыстарына қарсы жүргізілген рейд барысында бір топ Өзбекстан азаматы құқық қорғау органдарымен ұсталды. Оқиға Цинциннати қаласындағы әйгілі «Пейкор» стадионының маңында болды.
Жергілікті WCPO басылымының мәліметінше, стадионның қауіпсіздік қызметі түн ортасында аумақта көліктермен қауіпті маневрлер жасалып, заңсыз жарыстар өтіп жатқаны туралы полицияға хабарлаған.
Оқиға орнына келген құқық қорғау органдары алты адамды ұстады. Сот материалдарында олардың барлығы Өзбекстан азаматтары екені көрсетілген.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 28 жастағы Темур Нұрматов заңсыз дрэг-рейсинг ұйымдастыру және жеке меншік аумаққа рұқсатсыз кіру айыбымен айыпталуда. Ол Ford Mustang көлігімен қауіпті қимылдар жасап, дөңгелектерді айналдыру арқылы асфальтқа арнайы іздер қалдырған.
Полицияның дрондар бөлімі оны жарты сағатқа жуық бақылағаны белгілі болды.
Сонымен қатар, 19 жастағы Мадина Есенова, 23 жастағы Бекділло Хамидуллаев, 21 жастағы Ділмұрад Нұрматов, 28 жастағы Ахмаджон Валиев және 23 жастағы Мумтозахон Забурова стадион аумағына заңсыз кірді деген күдікке ілінді.
Жедел іс-шаралар барысында бес көлік айыптұрағына қойылды. Құқық қорғау қызметкерлері стадион қақпасының маңынан қауіпті айналмалы қозғалыстар нәтижесінде қалған көптеген іздерді де анықтады.
Бұл оқиға қала басшылығының да назарын аударды. Оқиғадан бірнеше сағат өткен соң, Цинциннати қалалық кеңесінің Қоғамдық қауіпсіздік комитеті заңсыз көше жарыстарына қарсы жаңа қатаң шараларды көздейтін қаулы жобасын мақұлдады.
Ұсынысқа сәйкес, мұндай жарыстарға қатысқан тұлғалар алғашқы ереже бұзушылық үшін 1250 доллар, қайталаған жағдайда 2500 долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Сонымен қатар, ереже бұзушылыққа қатысты көліктерді алты айға дейін тәркілеу жоспарлануда.



















Пікірлер 0
…