
Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі, Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және Asakabank банкті жекешелендіру бойынша негізгі коммерциялық шарттарды айқындайтын “Term Sheet” құжатына қол қойды. Келісім 2020 жылғы 12 мамырдағы президент жарлығын іске асыру аясында рәсімделіп, тараптар ынтымақтастығын институционалдық тұрғыдан нығайтуға бағытталған. Бұл туралы podrobno.uzхабарлайды.
Құжатқа сәйкес, ЕҚДБ Asakabank акцияларының 15% үлесін сатып алуды жоспарлап отыр. Келісілген барлық талаптар — транзакциялық, реттеушілік және корпоративтік-құқықтық рәсімдер — толық әрі белгіленген тәртіппен аяқталса, ЕҚДБ-ның банктің акционерлік капиталына кіруі 2026 жылы күтіледі.
Бұл кезең мемлекеттік банктерді трансформациялау, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру, қаржылық тәуекелдерді азайту және банк жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған президент жарлығы аясындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланады.
Asakabank-ті жекешелендіру үдерісінде ЕҚДБ-мен ынтымақтастық бірқатар бағыттарды қамтиды. Атап айтқанда, корпоративтік басқару сапасын жақсарту және банк қызметінің ашықтығын күшейту, тәуекелдерді басқару мен ішкі аудит бойынша халықаралық стандарттарды енгізу, капитал базасы мен операциялық тұрақтылықты нығайту, сондай-ақ коммерциялық тиімділікке бағытталған орнықты нарық моделін қалыптастыру көзделген.
Сондай-ақ, жекешелендірудің келесі кезеңдері қарсаңында банктің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылатыны атап өтілді.
Бұған дейін ЕҚДБ Өзбекстанның жалпы ішкі өнімінің шамамен жартысына жуығын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнесті қолдау үшін 70 млн долларға дейін несие бөлуі мүмкін екені хабарланған болатын.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.