Өзбекстан медицинасы тарихында тағы бір ерекше оқиға орын алды. Елдің дәрігерлері сиам егіздерін күрделі әрі жүрек тебірентерлік операция арқылы сәтті ажыратты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ресми хабарлады.
Белгілі болғандай, операция Чирчик қаласындағы Ана мен бала денсаулығын сақтау республикалық арнайы ғылыми-практикалық медициналық орталығының Ташкент облыстық филиалында өткізілген. Жүктіліктің 33–34 аптасында кесар тілігі арқылы дүниеге келген сиам егіздері туғаннан кейін бар болғаны тоғыз сағаттан соң шұғыл түрде операция жасалған.
Жергілікті жағдайда жоғары дәлдіктегі технологиялық әдістер қолданылған операция бес сағатқа созылды. Бұл күрделі процесті Республикалық перинаталдық орталық жанындағы Неонаталдық хирургия орталығының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бахтиёр Эргашев бастаған тәжірибелі мамандар тобы жүзеге асырған.
Профессордың айтуынша, мұндай операциялар медицинасы дамыған елдердің өзінде ұзақ дайындық пен жан-жақты талдаудан кейін ғана жасалады. Сондықтан бұл жетістік ел медицинасының әлеуеті артқанының айқын дәлелі болып саналады.
8 қазан күні Денсаулық сақтау министрі Асильбек Худояров нәрестелердің жағдайын жеке барып көріп, операцияны жасаған дәрігерлермен кездесті. Өз сөзінде министр бұл операцияның тек медициналық емес, адамгершілік маңызын да атап өтті:
— Мұндай күрделі операциялар әлемнің өзінде де үнемі жасала бермейді. Бізде бұл аймақ деңгейінде сәтті орындалды. Бұл — ұлттық медицина жаңа кезеңге көтерілгенінің айғағы, — деді министр.
Министрліктің мәліметінше, операцияға қатысқан бір топ дәрігер мен маман «Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Қазіргі таңда нәрестелер мен аналарының жағдайы жақсы. Оларға ауруханадан шығуға рұқсат берілді, дәрігерлер олардың қалпына келу барысын үнемі бақылауда ұстайды.
Мамандардың пікірінше, мұндай операциялар жергілікті медицинаның заманауи технологияларға сүйене отырып дамып келе жатқанын және дәрігерлердің біліктілігі артқанын дәлелдейді.
Соңғы жылдары Өзбекстан медицинасы жоғары білікті кадрлармен қатар, заманауи жабдықтар мен ғылыми тәсілдердің арқасында халықаралық деңгейге жақындап келеді.
Осылайша, Чирчикте өткен бұл ерекше операция тек екі нәрестенің өмірін сақтап қалмай, ел медицинасы үшін жаңа үміт пен сенімнің символына айналды.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!