date

«Мотоциклші қыз» 3 тәулікке қамалды

«Мотоциклші қыз» 3 тәулікке қамалды

Қашқадария облысының Қаршы қаласында 25 жастағы мотоцикл мінген қыз көліктермен “кілтке кілт” деп аталатын жарыс ұйымдастырғаны және қауіпті қозғалыс жасағаны үшін 3 тәулікке әкімшілік тәртіппен қамалды, деп хабарлады Qalampir.uz.

Сот құжаттарына сәйкес, 2000 жылы туған И.Т.-ға қатысты Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің бірнеше баптары бойынша іс қозғалған. Ол жол бұзақылығы, ішкі істер қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау және көлік құжаттарынсыз көлік басқару құқық бұзушылықтарын жасаған деп танылған.

Нәтижесінде сот И.Т.-ны 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, оған есептік көрсеткіштің 25 еселенген мөлшерінде, яғни шамамен 10,3 миллион сум айыппұл салынды.

Белгілі болғандай, “кілтке кілт” деп аталатын бұл жарысқа 2003 жылы туған Ш.О. есімді жігіт те қатысқан. Ол да жол бұзақылығы, полиция талабына бағынбау және ұсақ бұзақылық баптары бойынша кінәлі деп танылған. Сот шешіміне сәйкес, Ш.О.-ға 5 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 1 жыл мерзімге барлық көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 10,3 миллион сум айыппұл салынды.

Іс материалдарына қарағанда, бұл оқиға әлеуметтік желілерде тараған бейне арқылы белгілі болған. Бейнежазбада қыздың мотоциклмен көліктермен жарыс ұйымдастырғаны көрсетілген және бұл жағдай қоғамда қызу талқылауға себеп болған.

Әлеуметтік желіде блогер ретінде танылған И.Т. кейін өз сторисінде жағдайға түсініктеме беріп, қателігін мойындаған. Оның айтуынша, “кілтке кілт” жарысы құмар ойындарын насихаттау ретінде бағаланатынын білмеген.

“Түнде шақырды, ‘бұзақылық жасапсың, жастарды құмар ойынға үгіттеп жатырсың’ деді. Сөйтсем, ‘кілтке кілт’ жарысы құмар насихаты болып саналады екен. Білмеппін, енді білдім. Мотоциклді айыптұраққа қойды”, — деді ол сторисінде.

Мамандардың айтуынша, соңғы кезде жастар арасында “адреналин жарыстары” мен “лайк жинау” мақсатындағы жол бұзақылықтары көбейген. Бұл тек заң бұзушылық емес, өмірге үлкен қауіп төндіреді.

Құқық қорғау органдары азаматтарды, әсіресе жастарды, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және “видео челлендждер” арқылы өмірін қатерге тікпеуге шақыруда.

Қаршы қаласындағы бұл оқиға қоғамда үлкен талқы туғызып, әлеуметтік желілерде жауапкершілік пен заңға бағыну тақырыбын қайта күн тәртібіне шығарды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » «Мотоциклші қыз» 3 тәулікке қамалды