date

Бұхара түнгі клубы: қыздарға зорлық жасаған қылмыстық топ әшкереленді

Бұхара түнгі клубы: қыздарға зорлық жасаған қылмыстық топ әшкереленді

Фото: Видеодан кадр

Бұхара қаласындағы түнгі клубтардың бірінде өткен жедел шара қоғамды дүр сілкіндіретін қылмысты әшкереледі. Бұхара облысының Ішкі істер басқармасы, прокуратура және Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырылған операция нәтижесінде адам саудасы, әйелдерді мәжбүрлі еңбекке және жезөкшелікке тартумен айналысқан қылмыстық құрылымның қызметі әшкереленді.

Тергеу мәліметінше, бұл түнгі клубтың басшысы - бұрын бұзақылық қылмысы үшін сотталған адам болған. Ол Instagram арқылы республиканың әртүрлі аймақтарынан жұмыссыз, әлеуметтік жағдайы ауыр және қорғауға мұқтаж әйел-қыздарды "таңдап," оларға жоғары жалақы, жеңіл жұмыс және "биші" қызметін уәде еткен. Осы сылтаумен оларды Бұхара қаласына алып келген.

Бірақ оқиға бұдан кейін мүлде басқа арнаға бұрылды. Қыздардың бостандығы шектелгені, оларға психологиялық қысым, физикалық қоқан-лоққы көрсетілгені айтылды. Ең ауырсы - түнгі клубтың клиенттерімен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу жағдайлары тіркелген. Жәбірленушілердің тапқан ақшасын клуб басшысы мәжбүрлі түрде тартып алған. Кейбір жағдайларда дене жарақаты да келтірілгені айтылуда.

Жедел іс-шара кезінде клубта жұмыс істеген 23 қыз-келіншек Бұхара қаласының ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазіргі уақытта түнгі клуб басшысына қатысты Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 135-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оған қатысты қамауға алу шарасы қолданылды. Клуб ісін жүргізушілер мен осы заңсыз схемаға қатысы бар басқа да тұлғаларға қатысты тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Бұхара облысының Ішкі істер басқармасы азаматтарды әлеуметтік желілердегі "жеңіл жұмыс," "жоғары жалақы," "тез ақша" сияқты тартымды хабарландыруларға сенбеуге шақырды. Өйткені мұндай "тәтті ұсыныстардың" артында адам саудасы мен қанаудың құрбаны болу қаупі болуы мүмкін. Сондай-ақ, жастардың әлеуметтік желілерде кіммен хат алмасып жатқанын, қандай аккаунттармен байланысқа түсіп жатқанын ата-аналар мен жақындарының бақылауын күшейту ұсынылды.

Бір қорытынды: интернеттегі кез келген "жоғары жалақы ұсынысы" - мүмкіндік емес, кейде тұзақ болуы мүмкін. Сақтық - кінә емес, өмірді сақтап қалатын ең дұрыс шешім.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Қоғам » Бұхара түнгі клубы: қыздарға зорлық жасаған қылмыстық топ әшкереленді