«Реал Мадрид» президенттігіне үміткер Эрлинг Холанд пен Родридің трансферін уәде етті

«Реал Мадрид» президенттігі үшін күрес қызған шаққа жетті. Үміткер Энрике Рикельме «Манчестер Сити» жұлдыздары Эрлинг Холанд пен Родриге қатысты даулы мәлімдемелерінен бас тартпайтынын хабарлады. 37 жастағы кәсіпкер Англия Премьер-лигасының ең ірі жұлдыздарын «Сантьяго Бернабеу» стадионына әкелу бойынша нақты жоспары бар екенін атап өтті. Бұл туралы Goal.com хабарлайды .
Рикельме Эрлинг Холандтың айналасындағылардан алған жауаптарды «ойынның бір бөлігі» деп атады. Оның сөзінше, норвегиялық шабуылшының келісімшартында айыппұл сомасы көрсетілген бап бар, бұл трансферді жүзеге асыруды мүмкін етеді. «Егер мен президент болып сайлансам, Эрлинг Холанд сияқты ұлы тұлғалар «Реал Мадрид» сапында доп тебеді», – деп сенімді түрде мәлімдеді үміткер.
Жағдай Эрлинг Холандтың агенті Рафаэла Пимента мен әкесі Альф-Инге Холандтың қарсылығынан кейін күрделене түсті. Дегенмен, Рикельме бұл жағдайды 2000 жылы Луиш Фигудың «Барселонадан» ауысуымен салыстырды. Сол кезде де трансфер ресми түрде жарияланғанға дейін барлық тараптар келісімді жоққа шығарған еді. Сондай-ақ, ол Родри мәселесі бойынша агент Пабло Баркеромен байланыста екенін қосты.
Уәделерінің шынайылығын дәлелдеу үшін Рикельме бұрын-соңды болмаған тәуекелге барды. Егер ол уәде етілген трансферлерді жүзеге асыра алмаса, клубтың шамамен 100 мың мүшесінің жылдық жарналарын (шамамен 15 миллион еуро) өз қалтасынан төлеуге кепілдік берді. Бұл стратегия қазіргі президент Флорентино Переске қарсы күресте басты қару болмақ.

















Пікірлер 0
…