ChatGPT-ке жарнама келеді: тегін нұсқада және ChatGPT Go-да көрінеді

OpenAI алдағы апталарда ChatGPT чат-ботында жарнаманы тестілеуді бастайтынын мәлімдеді. Компанияның ресми мәлімдемесіне сәйкес, жарнама тегін нұсқада сондай-ақ ChatGPT Go тарифінде көрсетіледі, алайда Plus, Pro, Business және Enterprise жазылушылары үшін ChatGPT әдеттегідей жарнамасыз болып қалады.
OpenAI бұл қадамды өте қарапайым түсіндіреді: жарнамадан түсетін табыс жаңа әрі қуатты жасанды интеллект модельдерін әзірлеу, инфрақұрылым және қызметті кеңейту шығындарын жабуға көмектеседі. Яғни, тегін (немесе арзанырақ) қолжетімділікті сақтау үшін компания жаңа қаржыландыру арнасын ашып отыр.
Ең жиі қойылатын сұрақ — «ал менің хат-хабарларым ше?» OpenAI атап өткендей, пайдаланушылардың хат-хабарлары мен жеке деректері жарнама берушілерге сатылмайды және берілмейді. Жарнамалар жауаптардан бөлек көрсетіледі, яғни «жарнама қайда, ChatGPT жауабы қайда» деген шекара анық болады делінген.
Компания әзірге жарнаманың бәріне «тірі» түрде қосылғанын айтпайды — деректерге сүйенсек, алдымен АҚШ-тағы ересек (18+) Free және Go пайдаланушылары арасында тестіленеді. Одан кейін кеңейту-кеңейтпеу бөлек шешіледі.
Қысқасы, жағдай мынадай: ChatGPT-ті тегін немесе арзанырақ пайдаланғысы келетіндер жарнама көруі мүмкін. Ал жарнама мүлде керек емес адамдар үшін — Plus/Pro/Business/Enterprise (кей дереккөздер бойынша Edu) жағында ештеңе өзгермейді.
Болашаққа белгі біреу: AI қызметтері «мәңгі тегін» формуласына сай емес. Бірақ жақсы жағы — OpenAI сенім мәселесін ерекше атап, жарнама жауапқа араласпайтынын және жеке деректер жарнама берушілерге шықпайтынын ашық айтып отыр.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!