Индонезиядағы түрмеден сотталғандарға арналған сәнді бөлмелер табылды

Индонезиядағы түрмеден сотталғандарға арналған сәнді бөлмелер табылды

Индонезияда қарапайым камералардан мүлдем өзгеше, сотталғандарға арнайы жабдықталған сәнді бөлмелер анықталды. Оқиғадан кейін түрменің бес басшы қызметкері қызметінен шеттетілді.

Мәлім болғандай, оқиға Джакарта маңындағы Богор қаласында орналасқан «Cibinong» түрмесінде болған. Ел Омбудсменінің өкілдері 23 қыркүйекте жүргізген кенеттен тексеру барысында қарапайым камералардан бөлек орналасқан 10-нан астам тұрғын жайды анықтады.

Тексерушілер бұл бөлмелерден қарапайым түрме жағдайына тән емес жайлылықтарды тапты. Онда үлкен төсектер, кондиционерлер, теледидарлар, дивандар, тоңазытқыштар және тамақтануға арналған арнайы орындар болған.

Ең назар аударарлығы, кешенде спорт залы мен гольф симуляторы да салынып жатқаны белгілі болды. Тексеру кезінде кейбір сотталғандардың осы тұрғын жайларда болғаны анықталды.

Индонезияның Иммиграция және жазаны орындау министрлігінің бас инспекторы Руди Сетиаванның хабарлауынша, жағдайға байланысты ондаған сотталғандар мен түрме қызметкерлерінен жауап алынды. Тексеру нәтижесінде бес басшы, соның ішінде «Cibinong» түрмесінің бастығы да қызметінен шеттетілді.

4 гектар аумақты алып жатқан түрмеде сыбайлас жемқорлық және басқа да ауыр қылмыстар үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандар да бар. Сәнді бөлмелерді дәл қай сотталғандар пайдаланғаны әзірге ресми түрде жарияланбады.

Тексерушілердің айтуынша, бұл ғимараттар бастапқыда түрме қызметкерлеріне арналған қызметтік баспана ретінде салынған. Енді олардың сотталғандар үшін рұқсатсыз тұрғын жайға айналдырылғаны және мұндай жеңілдіктер үшін ақша берілген-берілмегені тексерілуде.

Пікірлер 0

…

Байланысты жаңалықтар