Volkswagen Rivian компаниясының ең ірі акционері болды

АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына ұсынылған жаңа есептерге сәйкес, Volkswagen компаниясы Amazon-ды басып озып, Rivian-ның ең ірі акционері атанды. Volkswagen Group-тың Rivian-дағы үлесі екі жылдан аз уақыт ішінде 8,6 пайыздан 15,9 пайызға дейін өсті. Бұл өзгеріс электр көліктерін шығарушы стартаппен құрылған бірлескен кәсіпорын аясындағы ынтымақтастыққа байланысты. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды.
2024 жылдың қарашасында құрылған Rivian and Volkswagen Group Technologies бірлескен кәсіпорны электр архитектурасы мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеуге бағытталған. Volkswagen бұл жобаға жалпы сомасы 5,8 миллиард доллар инвестиция салуға міндеттеме алды. Компания қаражатты бірнеше кезеңмен бөлді, оның ішінде VW ID.EVERY1 моделінің қысқы сынақтары аяқталғаннан кейін Rivian тағы 1 миллиард доллар инвестиция алды.
Қазіргі уақытта Volkswagen Group Rivian-ның 209,7 миллион акциясына иелік етеді. Ал Amazon 12,28 пайыз үлеспен екінші орынға түсті. Amazon 2019 жылы Rivian-ның алғашқы инвесторларының бірі болған және компанияға 100 мың электр жүк көлігіне тапсырыс берген еді.
Rivian үшін бұл ынтымақтастық маңызды кезеңде орын алды, өйткені компания R2 моделін өндіруге және зерттеу мен әзірлемелерге (R&D) қомақты қаржы жұмсауда. Rivian 2025 жылы зерттеулер үшін 1,7 миллиард доллар бөлді. Болашақта бұл бірлескен кәсіпорын басқа да технологиялық лицензиялау келісімдеріне жол ашуы мүмкін, дегенмен жасанды интеллект пен автономды басқару жүйелері бұл ынтымақтастық аясынан тыс қалды.