date

Фотон тұзағы: жаңа ультрақара жабын өзге планеталарды табуға көмектеседі

Фотон тұзағы: жаңа ультрақара жабын өзге планеталарды табуға көмектеседі

Күн жүйесінен тыс өмір сүруге қолайлы планеталарды іздеу — өте күрделі міндет. Жұлдыз жарығы өз планетасынан қайтқан әлсіз сәуледен миллиардтаған есе жарқын болғандықтан, астрономдар мұны қуатты прожектор жанында ұшып жүрген шыбынды көруге тырысумен салыстырады. NASA бұл мәселені шешу үшін Starshade жобасын әзірлеуде. Бұл футбол алаңының жартысындай келетін, гүл пішіндес алып ғарыштық экран, ол телескоп алдында жұлдыз жарығын бөгеп тұруы керек. Бұл туралы Ixbt.com хабар береді.

Экранның шеттері өте өткір (шамамен 300 нанометр) болуы талап етіледі, бірақ күн сәулесі бұл қырларда шашырап, телескопқа кедергі келтіретін «жарық шаңын» түзеді. Алдыңғы көміртекті нанотүтікшелер жабыны тым қалың болғандықтан, экран қырларын «мұқалтып», жарықтың шашырауын одан сайын күшейтетін еді. ZeCoat компаниясының негізін қалаушы Дэвид Шейх болса, мүлдем жаңа тәсілді ұсынды.

Жаңа технология металл мен шыныдан тұратын көп қабатты жұқа жабынды көздейді. Ол алдыңғы үлгілерден 100 есе жұқа және фотондарды өз қабаттары арасындағы наноқуыстарға қамап қояды. Фабри-Перо резонаторы принципіне негізделген бұл әдіс жарықты шағылыстырмай, оны толығымен жұтып алады. NASA JPL зертханасында өткізілген сынақтар жабынның шағылысатын жарықты 20 есе азайтатынын растады.

Бұл инновация болашақта Habitable Worlds Observatory жобасы үшін маңызды рөл атқарады. Технология тек ғарыштық экрандарда ғана емес, Starlink сияқты жасанды серіктер тобын қаптауда немесе заманауи смартфон камераларындағы жарық шағылысуларын жоюда да қолданылуы мүмкін. Бұл жаңалық астрономдарға алыс жұлдыздар айналасындағы планеталардың атмосферасы мен мұхиттарын анығырақ көруге мүмкіндік береді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Технология » Фотон тұзағы: жаңа ультрақара жабын өзге планеталарды табуға көмектеседі