date

Президент Шота Руставели көшесінде атқарылған жұмыстармен танысты

Президент Шота Руставели көшесінде атқарылған жұмыстармен танысты

Президент Шавкат Мирзиёев 15 қазанда Ташкенттің Яккасарай ауданында болып, Шота Руставели көшесінде жүргізілген реконструкция жұмыстарымен танысты.

Шота Руставели көшесі - астананың бірнеше ауданын байланыстыратын орталық жол. Көлік қозғалысына қолайлылық жасау мақсатында оның Мирабад көшесінен Чоштепа көшесіне дейінгі 7 шақырымға жуық бөлігі қайта жаңартылды. Енді 10 жол бөлігіне бөлінген жолдың 6 жолағында автокөліктер, арнайы бөлінген 2 бағытта автобустар жүреді. Қалған 2 жолақ автокөліктердің тұрақтауына арналған.

Президент мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен бірге автобуста серуендеп, ыңғайлылықтарды көрді, жолаушылармен әңгімелесті.

Көшенің ортасында дамыған елдердің озық тәжірибесіне сүйене отырып, BRT (Bus Rapid Transit) жүйесі негізінде бөлінген автобус жолағы Ташкент қаласында алғаш рет тәжірибеге енгізілгені айтылды.

Жалпы құны 19,2 миллион долларды құрайтын бұл жоба нәтижесінде жолаушылар ағыны сағатына 2500 адамнан 6000 адамға дейін өсті. Сондай-ақ тәулігіне 40 мың көлікті өткізу мүмкіндігі жасалып, орташа жылдамдық сағатына 23 шақырымнан 30 шақырымға дейін артты.

Жоба аясында автобустарды тоқтату үшін 21 жаңа аялдама, 463 "ақылды" бағдаршам орнатылды. Интеллектуалды көлік жүйесі енгізілді. Жол бойында көліктердің тұрақтауына да жағдай қарастырылған.

Сондай-ақ велосипед жолдары, жасыл аймақтар, суару және дренаж жүйелері салынды.

Осы жерде Ташкент қаласында арнайы бөлінген автобус жолақтарын ұзарту, қала маңында көлік байланысын ұйымдастыру жобалары таныстырылды.

- Егер метро жолдарын салмаған болсақ, жаңа автобустар әкелмеген болсақ, бүгінде Ташкентте көлік қатынасы қиын болар еді. Сондықтан біз адамдарды қанағаттандыру үшін жолдарды жөндеп, қоғамдық көлікті дамытып жатырмыз. Мұндай жұмыстарды барлық қалаларда жалғастырамыз, деді Шавкат Мирзиёев.

Мемлекет басшысы жауапты тұлғаларға қоғамдық көлікке қолайлылықты арттыру, кептелісті азайту, қаланы Жаңа Ташкентпен тиімді байланыстыру бойынша тапсырмалар берді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Президент Шота Руставели көшесінде атқарылған жұмыстармен танысты