date

Заңсыз айыппұлдар үшін жауапкершілік енгізіледі

Заңсыз айыппұлдар үшін жауапкершілік енгізіледі
Өзбекстанда лауазымды тұлғалар тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз қаржылық айыппұл салғаны үшін жеке әкімшілік жауапкершілік енгізілуі мүмкін. Бизнес-омбудсмен әзірлеген заң жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылған. Бұл бастама сот арқылы заңсыз деп танылған айыппұлдарды қолданған лауазымды тұлғаларға елеулі көлемде айыппұл белгілеуді көздейді.

Аталған шаралар бақылау органдарына қарсы кәсіпкерлер тарапынан көтерілген сот істерінің көбеюіне жауап ретінде қабылдануда. Бизнес-омбудсмен аппаратының мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы соттарда қаралған 6370 шағымның 5280-і (немесе 82 пайыздан астамы) кәсіпкерлердің пайдасына шешілген.

Бұл заңсыз айыппұлдардың күшін жоюға және 1,4 триллион сумға жуық қаражаттың қайтарылуына алып келді. 2025 жылы да бұл үрдіс сақталды.

Жылдың алғашқы алты айында соттарда осыған ұқсас 4738 өтініш тіркелді. Соның 3755-і кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп, нәтижесінде 3,1 триллион сумнан астам айыппұлдар жойылған.

Заң жобасына қоса берілген құжаттарда негізсіз қаржылық санкциялар қолдану жағдайлары жоғары деңгейде сақталып отырғаны атап өтілген. Бастама авторларының сөзінше, қолданыстағы заңнамадағы басты мәселе — лауазымды тұлғалардың мұндай заңсыз әрекеттері үшін тікелей әкімшілік жауапкершілік қарастырылмағаны.

«Жауапкершіліктің жоқтығы бақылау, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар өкілдерінің кәсіпкерлерге негізсіз қаржылық санкция қолдануына және жеке жауапкершіліктен қашуына себеп болуда», — делінген заң жобасына қоса берілген түсіндірмеде. Осы құқықтық олқылықты жою мақсатында Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске жаңа 241-11-бап — «Кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз айыппұл салу» бабын енгізу ұсынылып отыр.

Ұсынылып отырған нормаға сәйкес, егер лауазымды тұлға кәсіпкерге салған қаржылық айыппұл сотта заңсыз деп танылса, сол лауазымды тұлғаның өзіне айыппұл салынады. Мемлекеттік қызметшіге белгіленетін айыппұл мөлшері 20-дан 40-қа дейінгі базалық есептік көрсеткішті құрайды, бұл 8,24 миллион сумнан 16,48 миллион сумға дейін.

Аталған заң жобасы бизнесті құқықтық қорғауды күшейтуге және лауазымды тұлғалардың қабылдаған шешімдері үшін жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Өзбекстанда «бірінші мүмкіндік» қағидаты енгізіледі.

Бұл қағидат шағын кәсіпкерлік субъектілерін қызметінің алғашқы жылында сауда және кәсіпкерлік саласындағы әкімшілік ережелерді алғаш рет бұзған жағдайда жауапкершіліктен босатуды көздейді. Бұл бизнесті қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған шаралардың бірі болып саналады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Өзбекстан » Заңсыз айыппұлдар үшін жауапкершілік енгізіледі