
2025 жылдың алғашқы үш тоқсанында Қазақстан Республикасына электромобиль импорты айтарлықтай өсті. Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда импорт көлемі 2,5 есе өсіп, жалпы 40,3 мың дана электр көлігі елге әкелінді.
Импортталған электромобильдердің жалпы құны 473 миллион долларды құрады. Олар әлемнің 16 елінен жеткізілген.
2024 жылғы қаңтар–қыркүйек кезеңімен салыстырғанда әкелінген электромобильдер саны 24,1 мың данаға артты. Қытай Халық Республикасы негізгі жеткізуші ретінде 39,8 мың электромобильмен өз позициясын нығайтты.
Сонымен қатар, Гонконгтан 249, Оңтүстік Кореядан 165, Германиядан 43 және АҚШ-тан 25 электромобиль импортталды. Қалған 65 дана электромобиль басқа мемлекеттерден әкелінген.
Бұл тенденция елде жеңіл автомобильдерге жалпы сұраныстың сәл төмендеуі аясында байқалуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қыркүйек айында 84,6 мың автокөлік сатылған, бұл тамыз айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 6,4 пайызға кем.
Мәлімет үшін, алғашқы электромобиль 1884 жылы британдық өнертапқыш Томас Паркер тарапынан жасалған. Бұл жетістікке ол өзі жасаған қуатты аккумуляторлар көмегімен жеткен.
Қазақстанда электрокар импорты 2,5 есеге артты
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз Тақырыпқа қатысты жаңалықтар