Ташкентте жыл соңына дейін 18 туристік көше ашылады

Президент Шавкат Мирзиёев 23 сәуірде Мирзо Ұлықбек ауданындағы «Өзбекстан дауысы» көшесінде құрылған гастрономиялық туризм нысанының қызметімен танысты. Бұл жоба мемлекет басшысының 2022 жылғы 30 сәуірдегі ішкі туризм қызметтерін әртараптандыру туралы қаулысы негізінде жүзеге асырылды. Ресейдің «City Makers» және «Lyudi Arxitektors» бюролары жобасы бойынша қайта жөнделген нысан 2025 жылғы қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл туралы Spot.uz хабарлайды.
Жалпы ұзындығы 2,1 шақырымды құрайтын көшеде заманауи инфрақұрылым жасалған: кең жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары, селфи аймақтары, ашық спорт алаңдары, отбасылық демалыс орындары және балаларға арналған эко-алаңдар салынған. Жобаның жалпы құны 40 млрд сумды құрайды. Қазіргі уақытта мұнда 165 сауда нүктесі жұмыс істеуде, оның 89-ы тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшкен. Нәтижесінде 2 221 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ташкенттегі туристік және гастрономиялық көшелерге қатысты берілген мәлімет бойынша, өткен жылы астананың 26 көшесі тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстырылған. Бұл үшін 540 млрд сум қаржы бағытталып, 1 103 жаңа сауда және қызмет көрсету нысаны құрылды. Бұл шаралар нәтижесінде қызметтерді пайдаланушылар саны тәулігіне 80 мыңнан 200 мың адамға жетті, 6 мың адам жұмыспен қамтылды.
Биыл Ташкентте тағы 18 жаңа туристік көше ұйымдастыру, 500 нысанды іске қосу және 7 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Мемлекет басшысы тиісті тұлғаларға Мирзо Ұлықбек ауданында гастрономиялық туризм мүмкіндіктерін толық пайдалану, қызметтер сапасын арттыру және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!