Енді көлігін подъезд алдына қойғандар жазаланады

Өзбекстанда көп пәтерлі үйлердің маңында автокөліктерді дұрыс емес жерге қоюға қарсы қатаң шектеулер енгізілді. Жаңа ережелерге сәйкес, енді көліктерді тротуарларға, подъезд алдына және басқа да ортақ пайдаланымдағы аумақтарға қоюға тыйым салынады.
Аталған талаптар Әділет министрлігі тарапынан 29 сәуір күні мемлекеттік тіркеуден өткен «Көп пәтерлі үйлерді күтіп ұстау және оларды пайдалану ережелерінде» белгіленді.
Ережелерге сәйкес, автокөлік құралдарын үйлерге іргелес аумақтардағы көгалдарға, аллеяларға, балалар ойын алаңдарына, сондай-ақ тротуарлар мен кіреберіс жолдардың қарсысына қоюға тыйым салынады. Бұл шектеулер аулаларда қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ортақ аумақтарды сақтау мақсатында енгізілді.
Сонымен қатар, жаңа тәртіпте бірқатар басқа да тыйымдар қарастырылған. Атап айтқанда, балкон мен лоджияларға өрт қаупін тудыратын жабдықтар орнатуға, оларда ауыр заттарды сақтауға болмайды.
Сондай-ақ, балкондардың сыртқы бөлігіне киім-кешек, кілем немесе басқа да заттарды іліп қоюға тыйым салынады (ішкі бөлігі бұған жатпайды).
Үй жануарларын баспалдақтарда, жертөлелерде, шатырларда және басқа да ортақ орындарда ұстауға да рұқсат берілмейді. Бұдан бөлек, баспалдақ алаңдарында немесе баспалдақ астында жанғыш материалдарды қалдыруға, сондай-ақ жылу жүйелеріне өз бетінше өзгерістер енгізуге тыйым салынады.
Жаңа ережелерде санитария және техникалық қызмет көрсету мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, лифт бөлмелері апта сайын тазаланады және лифт жабдықтары тұрақты техникалық бақылаудан өткізіледі.
Сондай-ақ, егер жертөледе құбыр апаты орын алып, су немесе ағынды су жиналса, басқару органы 24 сағат ішінде бұл мәселені жоюы міндетті деп белгіленді.
Мамандардың пікірінше, аталған жаңалықтар көп пәтерлі үйлерде тәртіпті күшейтуге, тазалықты сақтауға және тұрғындар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға қызмет етеді.