date

Шавкат Мирзиёев халықты Еске алу және қадірлеу күнімен шын жүректен құттықтады

Шавкат Мирзиёев халықты Еске алу және қадірлеу күнімен шын жүректен құттықтады
Фото: Президенттің баспасөз қызметі

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ел тұрғындарын 9 мамыр — Еске алу және қадірлеу күніне орай шын жүректен құттықтады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында, ең алдымен, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында фашизмге қарсы күресте жанын пида еткен ата-бабалар рухына тағзым ететінін атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда арамызда жүрген соғыс және еңбек ардагерлеріне деген жоғары құрмет пен ілтипат білдірілді.

«Сіздерді, қымбаттыларымды, бүкіл көпұлтты халқымызды қасиетті мереке — Еске алу және қадірлеу күнімен, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыста қол жеткізілген ұлы жеңістің 81 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.

Бұл ұмытылмас күні, ең алдымен, майдан даласында теңдессіз ерлік көрсетіп, адамзатты фашизм апатынан құтқаруға лайықты үлес қосқан қаһарман ата-бабаларымыздың өшпес рухына бас иіп, тағзым етеміз. Бүгінгі таңда арамызда аман-есен жүрген соғыс және еңбек ардагерлеріне, нұрлы жүзді қарияларымызға жоғары құрметімізді білдіреміз.

Тәуелсіздік жылдарында Отанымыздың шекарасының қол сұғылмастығын сақтау, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан қайсар әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің рухын мейіріммен және құрметпен еске аламыз», — делінген құттықтау хатында.

Президент Өзбекстан халқының тарихи ерлігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соғыс жылдарында миллиондаған отандасымыз майданға аттанып, жүздеген мың адам қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті. Сонымен бірге, мыңдаған сарбаз бен офицер орден және медальдармен марапатталды, ал жүздеген отандасымыз ең жоғары атақтарға ие болды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ соғыс жылдарында Өзбекстанның майдан артында сенімді тірек болғанын, басқа аймақтардан көшірілген миллиондаған адамға пана мен мейірім көрсеткенін мақтанышпен еске алды.

Бүгінгі таңда да елімізде ардагерлерді қолдау, олардың лайықты өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасау жұмыстары дәйекті түрде жалғасып жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, мерекеге орай соғыс қатысушылары мен мүгедектерге материалдық көмек көрсетілгені айтылды.

Сондай-ақ, «Жеңіс» саябағы мен оның құрамындағы «Еске алу сәулесі» және «Ұлттың ерлері» кешендері халық үшін қасиетті орындарға айналып келе жатқаны білдірілді.

Президент бүгінгі күрделі кезеңде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты нығайту және жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу басым міндет болып қала беретінін ерекше баса айтты.

Құттықтау соңында мемлекет басшысы барша отандастарға денсаулық, бақыт және отбасыларына амандық тілеп, мерекемен тағы бір мәрте құттықтады.

«Сіздерді, құрметті ардагерлерімізді, бүкіл елімізді тағы бір рет шын жүректен құттықтап, баршаңызға денсаулық, бақыт және сәттілік, шаңырақтарыңызға тыныштық пен береке тілеймін. Еңбекқор және дана халқымыз әрқашан аман болсын! Игі істерімізде Жаратушының өзі қолдасын! Еске алу және қадірлеу мерекесі баршамызға құтты болсын!» деді Өзбекстан Президенті.
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Шавкат Мирзиёев халықты Еске алу және қадірлеу күнімен шын жүректен құттықтады