Капурлар әулетінің тыйымын бұзған Карина Капур 46 жаста

Болливудтың танымал актрисасы, әнші және биші Карина Капур 46 жасқа толды. Радж Капурдың немересі және Капурлар әулетінің төртінші буын өкілі Карина тек кинодағы жетістіктерімен ғана емес, отбасындағы көп жылдық тыйымды бұзғанымен де танымал.
Карина 1980 жылы 21 қыркүйекте Мумбайда дүниеге келген. Капурлар әулетінің алдыңғы буындарында актерлік өнермен тек ер адамдар айналысуға рұқсат етілген, ал отбасы әйелдері үшін бұл жол жабық болған.
Каринаның анасы Бабита Шивдасани Рандхир Капурға тұрмысқа шыққанға дейін 20 фильмде рөл сомдаған. Некеден кейін 1970-жылдардың ортасында киноны тастап, екі қызын тәрбиелеуге арнаған.
1988 жылы Бабита Рандхирмен қарым-қатынасын үзіп, Карина мен оның әпкесі Каришманы Локхандвалаға алып көшті. Сол кезеңнен кейін екі қыз да отбасылық дәстүрді бұзып, кәсіби актриса атанды. Бабита Каринаның шығармашылық жолын әрдайым қолдап, түсірілім алаңдарында бірге жүрді және кейіннен оның продюсері болды. Отбасы 2007 жылы қайта қосылды.
Актерлікті бірден таңдамаған

Карина мектеп-интернатты бітірген соң, Митхибай колледжінде екі жыл экономика мамандығы бойынша оқыды. Кейін құқық саласына қызығып, заң колледжіне түсті. Алайда бір жылдан кейін бұл бағыттың өзіне сай емес екенін түсініп, театр институтында оқи бастады.
20 жасында «Қабылданбаған» (Refugee) фильмімен кинодағы дебютін жасаған актриса алғашқы рөлі үшін Filmfare сыйлығының «Үздік дебют» номинациясын жеңіп алды.
Кейіннен «Бөтен», «Махаббат сиқыры» және «Император» фильмдеріндегі рөлдерімен танылды. Әсіресе, «Махаббат сиқыры» 2001 жылы Үндістанда ең көп табыс әкелген фильмдердің бірі болды.
Болливудтағы үлкен жетістік
«Кейде қуаныш, кейде қайғы» фильмі Карина мансабындағы ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Онда актриса Шахрух Хан, Ритик Рошан және Каджолмен бірге ойнады. Бюджеті 7,5 миллион доллар болған фильм Үндістанда 2002 жылдың ең көп табыс әкелген екінші картинасына айналды және шетелде 13 миллион доллар жинады.
Алайда 2002–2003 жылдардағы бірқатар фильмдерінің коммерциялық сәтсіздігі Каринаны рөлдерін қайта қарауға итермеледі.
2004 жылы ол қайтадан сәтті бейнелер жасай бастады. Говинд Нихаланидің «Тәлімгер» фильміндегі рөлі үшін Filmfare Critics сыйлығын алды және алғаш рет әншілік қабілетін де көрсетті.

2006 жылы «Омкара» фильмінде, 2007 жылы «Біз кездескенде» мелодрамасындағы рөлімен тағы да бірқатар беделді марапаттарға ие болды.
«Үш сауатсыз» және халықаралық жобалар
2009 жылы Карина Акшай Кумармен бірге «Тамаша жұп» комедиясына түсті. Фильмге Сильвестр Сталлоне мен Дениз Ричардс та қатысқан.
Сол жылы ол «Үш сауатсыз» (3 Idiots) фильмінде Амир Хан, Мадхаван және Шарман Джошимен бірге рөл сомдады. Картина Болливуд тарихындағы ең жоғары табысты фильмдердің біріне айналып, төрт жыл бойы рекордты сақтап тұрды.
2015 жылы Карина «Ағайынды жауынгерлер» драмасының актерлік құрамына енді. Танымал актерлердің қатысуына қарамастан, фильм 18 миллион долларлық бюджетін ақтай алмады.
2019 жылғы «Жақсы жаңалық» комедиясы оған Filmfare сыйлығының «Үздік актриса» номинациясын әкелді.
Саиф Әли Ханмен отбасын құрды

Карина 2007 жылы актер Саиф Әли Ханмен танысты. Олардың қарым-қатынасы «Өзгеше стиль» фильмін түсіру барысында басталды.
Саиф Әли Хан Патауди әулетінен, оның әкесі Мансур Әли Хан Патауди Үндістан крикет командасының капитаны болған.
Каринамен қарым-қатынасы басталған кезде актриса Шахид Капурмен кездесетін, ал Саиф бұрын отбасылы және екі баланың әкесі еді. Кейін ол ажырасып, Каринаға үйленді.
Жұптың үйлену тойы 2012 жылдың 16 қазанында өтті. 2016 жылы олардың Таймур Әли Хан, ал 2021 жылы Джахангир Әли Хан Патауди есімді ұлдары дүниеге келді.

Киномен қатар қоғамдық қызмет
Карина Капур кинодағы мансабынан бөлек, UNICEF-пен ынтымақтастық орнатып, балалар білімі, әйелдер қауіпсіздігі, гигиена және балалар өлімін азайтуға бағытталған жобаларға қатысып келеді.
Ол осы тақырыптарда мақалалар жазып, деректі фильмдердің продюсері ретінде де жұмыс істеді. 2010 жылы Үндістандағы ауылдардың бірін қамқорлығына алып, оны электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлді.
Карина сонымен қатар киіну стиліне қатысты кітаптар шығарып, түрлі брендтердің елшісі болды және «Бебо» лақап атымен де танымал.
2022 жылғы маңызды рөлі
Каринаның соңғы жылдардағы елеулі жұмыстарының бірі 2022 жылы экранға шыққан «Лаал Сингх Чаддха» фильмі болды. Адвайт Чанданның режиссерлігімен түсірілген бұл картина «Форрест Гамп» фильмінің үнді тіліндегі бейімделген нұсқасы болып, онда Каринамен бірге Амир Хан мен Нага Чайтанья да рөл атқарды.
Фильмнің бюджеті 22,2 миллион долларды құрады және ол бүкіл әлем бойынша 16 миллион доллар табыс тапты.
Каринаның шығармашылық жолында «Кейде қуаныш, кейде қайғы», «Тәлімгер», «Омкара», «Біз кездескенде», «Үш сауатсыз», «Ки және Ка», «Лаал Сингх Чаддха» сияқты көптеген фильмдер бар.
Есімінің де ерекше тарихы бар

Каринаның есімі де кездейсоқ таңдалмаған. Анасы Бабита оған жүкті кезінде Лев Толстойдың «Анна Каренина» шығармасын оқыған және қызының есімін шығармадағы кейіпкердің құрметіне Карина деп қойған.
Оның сүйікті актерлерінің қатарында атасы Радж Капур мен Наргис бар. Сүйікті фильмдері «Мырза» және «Сангам» болып табылады.
Осылайша, Карина Капур танымал Капурлар әулетінің кезекті өкілі болумен қатар, отбасындағы ұзақ жылдық тыйымды бұзып, Болливудта өз есімін қалыптастырған актриса ретінде 46 жасын қарсы алды.


















Пікірлер 0
…