date

Оянғаннан кейін екі сағат ішінде таңғы ас ішу пайдалы екені дәлелденді

Оянғаннан кейін екі сағат ішінде таңғы ас ішу пайдалы екені дәлелденді

Әлемде адам денсаулығы мен ұзақ өмір сүру факторлары туралы түрлі зерттеулер жүргізілуде. Жуырда ғалымдар тағы бір қызықты қорытындыға келді: ұйқыдан тұрғаннан кейін екі сағат ішінде таңғы ас ішу өте маңызды екені анықталды.

Зерттеу мәліметтеріне қарағанда, таңғы асты кешіктіру адам ағзасына кері әсерін тигізіп, өмір сүру ұзақтығын қысқартуы мүмкін. Ғалымдардың айтуынша, әрбір кешіккен сағат мезгілсіз өлім қаупін орта есеппен 8–11 пайызға арттырады.

Ұлыбританияда жүргізілген сынақтарға шамамен 3000 қарт адам қатысқан. Ғалымдар олардың күнделікті тамақтану әдеттерін талдап, таңғы ас уақыты мен өмір ұзақтығы арасында нақты байланыс бар екенін анықтады.

Сонымен бірге, мамандар бұл қорытындыны толық растау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін де атап өтті. Өйткені адамның өмір сүру ұзақтығына тек таңғы ас емес, жалпы өмір салты, физикалық белсенділік, генетика және дұрыс тамақтану сияқты факторлар да әсер етеді.

Соған қарамастан, тамақтану саласындағы көптеген мамандар ұйқыдан кейін бір-екі сағат ішінде таңғы ас ішуге кеңес береді. Олардың пікірінше, мұндай әдет қандағы қант деңгейін тұрақты ұстайды, метаболизмді белсендіреді және күнді адамның циркадтық ырғағына сай бастауға көмектеседі.

Ғалымдардың қосымша зерттеулері де ерте таңғы ас қандағы глюкоза деңгейін жақсартатынын және тамақтан кейін ағзадағы маңызды гормондардың бірі болып саналатын ГПП-1 (глюкагонға ұқсас пептид-1) реакциясын күшейтетінін дәлелдеді. Бұл ағзаның көмірсу алмасуын жақсартып, диабет және соған ұқсас аурулардың қаупін азайтуы мүмкін.

Мамандардың айтуынша, салауатты өмір салтын қалаған әрбір адам үшін ерте таңғы ас ішу маңызды қадам болып табылады. Күн басындағы дұрыс әрі сапалы тамақтану тек қана қуат беріп қоймай, ұзақ өмір сүруге де үлес қосуы мүмкін.


Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Пайдалы » Оянғаннан кейін екі сағат ішінде таңғы ас ішу пайдалы екені дәлелденді