date

Финляндияда бір ойында 7 гол соққан футболшы алаңда қамауға алынды

Финляндияда бір ойында 7 гол соққан футболшы алаңда қамауға алынды

Финляндияда ерекше оқиға болды — жергілікті чемпионатта ойнайтын “Финнкюрд” клубының 34 жастағы бразилиялық шабуылшысы Жонатан Геррейро ойыннан кейін бірден полиция тарапынан қамауға алынды. Бұл туралы Финляндияның Ұлттық полициясы хабарлады.

Мәліметтерге қарағанда, оқиға 2025 жылдың 8 қазанында, жексенбі күні, Хельсинки маңындағы Эспоо қаласында болған. Куәгерлердің айтуынша, ойын аяқталған сәтте шамамен 20 полиция қызметкері алаңға кіріп, қамауға алу ордерін орындаған.

Геррейро “Финнкюрд” командасының негізгі ойыншысы және капитаны. Ол маусымның соңғы кездесуінде “ЭсПа/Ренат” қақпасына жеті гол соғып, матч 8:1 есебімен аяқталған. Бұл нәтиже тергеушілердің күдігін туғызған.

Полицияның айтуынша, қамауға алу — заңсыз букмекерлік кіріс үшін ұйымдастырылған келісілген ойындарға байланысты тергеумен қатысты. Тағы екі бразилиялық ойыншы сұралған, олардың телефондары тексерілген және кейін босатылған.

Финляндия футбол федерациясы операцияның өткенін растады, бірақ тергеу мүддесі үшін басқа мәлімет беруден бас тартты.

Стадион әкімшілігі соңғы ысқырықтан кейін шығу есіктерін жауып, “Финнкюрд” ойыншыларын құжат тексеруге жинаған. Қарсылас команда ойыншыларына стадионнан шығуға рұқсат етілген.

Қазір тергеушілер Геррейроның жеті голы алдын ала келісілген бәске қатысты болуы мүмкін бе, соны тексеруде. Егер айып дәлелденсе, ойыншы мен клубқа қатаң жаза қолданылуы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға Финляндия футбол тарихындағы ең ірі “келісілген ойын” тергеулерінің бірі болмақ.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Финляндияда бір ойында 7 гол соққан футболшы алаңда қамауға алынды