date

Эрлинг Холанд әлем футболында жаңа рекорд орнатты

Эрлинг Холанд әлем футболында жаңа рекорд орнатты

«Манчестер Сити» клубының басты шабуылшысы Эрлинг Холанд тек клубында ғана емес, Норвегия құрамасында да тарих жазуда. Енді оның есімі тек Англияда емес, бүкіл әлем футболында аталып жүр.

Норвегия құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Израиль құрамасын қабылдап, қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл матч Холанд үшін шын мәнінде тарихи кешке айналды.

Ойынның басында 25 жастағы шабуылшы пенальтиден мүлт кетсе де, бұл оны тоқтата алмады — Эрлинг үш гол соғып, хет-трик жасады. Тағы екі голды израильдік ойыншылар өз қақпаларына соғып алды.

Осылайша Холанд Норвегия құрамасы сапында барлығы 51 гол соқты. Бұл көрсеткіш оның көптеген әйгілі шабуылшылардан әлдеқайда алда екенін тағы бір рет дәлелдеді.

Opta зерттеу орталығының мәліметінше, Эрлинг Холанд халықаралық деңгейде 50 гол соққан ең жылдам футболшы атанды. Ол бұл белеске жету үшін бар болғаны 46 ойында алаңға шыққан.

Салыстырмалы түрде айтқанда: бразилиялық Неймар бұл нәтижеге 74 ойында, француз Килиан Мбаппе мен поляк Роберт Левандовски — 90 ойында, аргентиналық Лионель Месси — 107 ойында, ал португалдық Криштиану Роналду — 114 ойында жеткен.

Бұл нәтиже Холандтың тек өз буынының емес, әлем футболы тарихындағы ең өнімді шабуылшылардың бірі болып келе жатқанын көрсетеді. Норвегиялық форвардтың еңбекқорлығы, мықты мінезі және гол соғуға деген ерекше түйсігі оны заманауи футболдың ең қуатты ойыншыларының біріне айналдырды.

Осылайша Эрлинг Холанд тек клуб деңгейінде ғана емес, ұлттық құрама сапында да рекорд орнатып, есімін әлем футболының тарихына мәңгіге жазып қойды.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Эрлинг Холанд әлем футболында жаңа рекорд орнатты