date

Роналду мен Месси бәсекесі қайта өршіді: кім басымдыққа ие?

Роналду мен Месси бәсекесі қайта өршіді: кім басымдыққа ие?

Футбол әлемі тағы екі ұлы жұлдыз - Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің есімдерін талқылауда. Бұл екі аңыздың өзара бәсекелестігі арқылы тұтас бір дәуір сипатталды десек, артық айтқандық емес. Олар өздерінің соңғы жылдарына қадам басса да, әлі де әлемдік футбол сахнасының ортасында тұр, деп хабарлады ESPN.

Сауд Арабиясындағы Про-лига аясында "Әл-Наср" клубы "Әл-Фейхаға" қарсы ойында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Команда капитаны және көшбасшысы Криштиану Роналду тағы да өз сөзін айтты - ол дубль жасап, риядтықтарға маңызды үш ұпай сыйлады. Осылайша португалиялық шабуылшының мансабында соққан голдарының жалпы саны 952-ге жетті. Бұл сан футбол тарихында бұрын-соңды болмаған деңгей саналады.

40 жасқа келгеніне қарамастан, Роналду әлі де жоғары формада. Оның алаңдағы қимылдары, қозғалғыштығы мен құштарлығы жас футболшыларға үлгі болып келеді. Әрбір голдан кейінгі сезім, әрбір жеңістен алған қуанышы - оның футболға деген сүйіспеншілігі әлі де күшті екенін көрсетеді.

Бұл кезде мұхиттың арғы жағында - АҚШ-та Лионель Месси басқарған "Интер Майами" командасы MLS плей-офф кезеңінде сәтсіз өнер көрсетті. Майамиліктер "Нэшвилл" командасына 1:2 есебімен жеңілді. Мессидің команда пайдасына соққан әдемі голы нәтижені өзгертуге жеткіліксіз болды.

Осылайша аргентиналық жұлдыздың жеке статистикасындағы голдар саны 892-ге жетті. Енді "Интер Майамидің" келесі кезеңге шығу тағдыры 8 ноябрьде болатын шешуші үшінші кездесуде белгілі болады.

Әзірге голдар саны бойынша басымдық Роналдуда болса, ассисттер саны бойынша Месси көшбасшылықты жоғалтпай отыр. Сегіз дүркін "Алтын доп" иегері атанған аргентиналық шабуылшы қызметі барысында командаластарына 399 нәтижелі пас берген. Бұл көрсеткіш оны әлем футболындағы ең еңбекқор және командалық ойыншы ретінде танытуға жеткілікті. Ал Роналдуда 259 нәтижелі пас бар.

Екі жұлдыздың бәсекелестігі тек статистикамен шектелмейді - бұл екі тұлға футбол философиясының, еңбек мәдениетінің және заманауи спорттың символына айналды. Олар алаңда әртүрлі стильде ойнаса да, екеуі де футболдың рухани бет-бейнесіне айналды.

Қазір де әлемдегі миллиондаған жанкүйерлер әр ойыннан кейін "кім жақсы?" деген сұраққа жауап іздеуді жалғастыруда. Бірақ бір нәрсе анық - Роналду мен Мессидің бәсекелестігі бүкіл бір ұрпақты шабыттандырған, футбол тарихына мәңгілікке жазылған шындық.

Бұл бәсеке енді тек алаңда ғана емес, тарих беттерінде де жалғасуда. Роналдудың 952 голы мен Мессидің 892 голы - екі аңыздың өшпес ізі.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Роналду мен Месси бәсекесі қайта өршіді: кім басымдыққа ие?