date

Түркияда заңсыз бәс тігу жанжалы: 600 футболшы тергеуге алынды

Түркияда заңсыз бәс тігу жанжалы: 600 футболшы тергеуге алынды

Түркия футбол қауымдастығын дүр сілкіндірген жаңа жанжал туралы жергілікті БАҚ-тар кеңінен жазуда. Түркияның құқық қорғау органдары тыйым салынған онлайн ойындарға ақша тігуге қатысты ауқымды тергеуді бастады.

Мәліметтерге қарағанда, бұл іс аясында елдегі түрлі лигалар мен клубтарда өнер көрсететін 600-ге жуық футболшы сұрауға шақырылады. Олар заңсыз букмекерлік сайттарға қатысқан деген күдікке ілінді.

Түркия басылымының жазуынша, тергеу ісіне халықаралық полиция ұйымы - Интерпол да қызығушылық танытқан. Тергеу қорытындысы бойынша, кейбір футболшылар, жаттықтырушылар мен клуб менеджерлері Албания, Болгария және Солтүстік Кипрде жұмыс істейтін онлайн платформалар арқылы ақша тігу операцияларына қатысқан болуы мүмкін.

Әзірге нақты есімдер жарияланбағанымен, дереккөздердің айтуынша, кейбір Суперлига клубтарының өкілдері де тергеу аясына түскен.

Бұл оқиға Түркия футболында соңғы жылдары байқалған букмекерлік жанжалдар тізбегінің жалғасы болды. Бұған дейін Түркия футбол федерациясы (TFF) арнайы тексеру жүргізіп, букмекерлік шоттары бар 149 төрешіні қызметінен уақытша шеттеткен еді.

Ұйымның шешіміне сәйкес, олар 8 айдан 1 жылға дейін жарыстардан шеттетілді. Бұл әрекет спорттағы ашықтықты қамтамасыз етуге және футболдағы сенімді қалпына келтіруге бағытталғаны айтылды.

Сонымен қатар, Ыстамбұл бас прокуратурасы төрешілерге қатысты қылмыстық іс аясында 18 күдіктіні қамауға алу туралы ордер берді. Тексерулер барысында ұсталғандардың арасында Суперлига клубының президенті де бар екені анықталды.

Жергілікті дереккөздердің айтуынша, бұл қылмыстық істер арқылы елде заңсыз букмекерлік жүйелер арқылы ірі қаржы айналымы әшкереленуде. Тергеушілер қазіргі уақытта ақша ағымының бағытын, шетелмен байланысты схемаларды және топтық қылмыскерлердің қызметін зерттеп жатыр.

Түркияның құқық қорғау органдары бұл жағдайды "футболдың абыройына кір келтіретін қылмыс" деп бағалап отыр. Елдің спорт министрлігі мен федерациясы футболда тазалық пен заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында барлық қатысушыларды қатаң бақылауға алды.

Сондай-ақ Интерполдың араласуы тергеу ісіне халықаралық сипат берді - бұл тек Түркияда ғана емес, Еуропа футбол қауымдастығында да үлкен қызығушылық тудырды.

Қазіргі уақытта тергеу үдерістері жалғасуда, тергеу нәтижелері мен ықтимал жазалау шаралары жақын апталарда белгілі болады деп күтілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Код анық көрінбесе, оны жаңарту үшін суретті басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Түркияда заңсыз бәс тігу жанжалы: 600 футболшы тергеуге алынды