date

"Челсидің" жаңа бас бапкері команданы қалай басқаратынын айтты

"Челсидің" жаңа бас бапкері команданы қалай басқаратынын айтты

1 январьда Энцо Маресканы қызметінен босатқан "Челси" басшылығы бас бапкерлік өкілеттігін ағылшын маманы Лиам Розенорға бергенін ресми түрде жариялады. Лондондық клуб жаңа бапкермен 2032 жылдың жазына дейін жарамды ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды.

Розенордың "Челсиге" келуі жай тағайындау емес - бұл клубтың келесі үлкен кезеңге қадам басуы деген пікірлер де айтыла бастады. Өйткені "ақсүйектер" үшін әр маусымда негізгі талап өзгермейді: жоғары нәтиже, кубоктар және үлкен сахнадағы бәсекелестік.

Жаңа бас бапкер тағайындалғаннан кейін клуб ресми сайтына сұхбат беріп, өз ойын ашық айтты. Розенор бұл тағайындауды өз мансабындағы маңызды бетбұрыс деп бағалады және "Челсиді" "өзгеше рухқа, бай тарихқа және жүлделерге толы клуб" ретінде сипаттады.

Оның айтуынша, басты міндет екі бағытта: клубтың өзіндік құндылықтары мен рухын сақтау, сонымен бірге жаңа жүлделер үшін күресті тоқтатпау. Розенор "осы құндылықтар әр ойында көрінетін, алаңда мінез көрсете алатын команданы" қалыптастыруды мақсат еткенін айтты.

Маман клуб басшылығына ерекше алғысын білдіріп, мұндай жауапты қызметке сенім білдіргені ол үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Розенор "клуб лайықты жетістікке жету үшін" бар күшін салатынын айтты.

Жаңа ұстаз өзінің жұмыс стилінде ұжымшылдыққа баса назар аударды. Ол бірлік, ынтымақ, өзара көмек пен қолдауды табыстың негізгі негізі деп санайды. Розенордың айтуынша, дәл осы орта жасалса, алаңдағы нәтиже де өзінен-өзі көрінеді.

Сондай-ақ ол клубтағы талантты футболшылармен және қызметкерлермен жұмыс істегеніне қуанышты екенін айтып, тек алаңда ғана емес, алаң сыртында да берік қарым-қатынас орнатқысы келетінін жеткізді. Яғни әр футболшы өзін "бір мақсатқа қызмет ететін тұтас команданың" мүшесі ретінде сезінетін орта - Розенордың негізгі жоспарларының бірі.

Енді ең қызығы - бұл сөздер қандай практикалық істерге айналады? Жанкүйерлер "Челсиден" әрқашан үлкен талап қояды, өйткені бұл клубтың аты да, тарихы да соған сәйкес келеді. Розенор өз мәлімдемесімен жай ғана уәде берген жоқ - ол командаға жаңа рух, жаңа тәртіп және жаңа мақсат әкелуге дайын екенін білдірді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Спорт » "Челсидің" жаңа бас бапкері команданы қалай басқаратынын айтты