Криштиану Роналду соққан 6 гол күшін жоя ма?

Sofascore статистикалық порталы 2023 жылғы Араб клубтар чемпионатында Криштиану Роналду соққан 6 голға қатысты ресми түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, турнирдің халықаралық мәртебесі әлі ФИФА тарапынан толық анықталмағандықтан, статистикалық платформаларда әртүрлі есептеулер пайда болып отыр.
Осы себепті кейбір дереккөздер Роналдудың жалпы гол санын 961 деп көрсетсе, басқа есептеулерде сандар сәл өзгеше болып келеді.
Ал Sofascore өз ұстанымын ашық білдіріп, бұл 6 голды футболшының кәсіби мансабына қосылған ресми статистикалық көрсеткіш ретінде тіркеген. Осылайша олардың есептеуіне сәйкес португалиялық жұлдыздың жалпы гол саны 967-ге жетті.
“Бұл турнир әрқашан біздің деректер базасында болған. Сондықтан аталған 6 гол да оның мансаптық статистикасына енгізіледі. Біздің есептеуіміз бойынша Роналдудың 967 голы бар”, — делінген портал мәлімдемесінде.
Сонымен қатар платформа қолданушылардың пікірін де ескеретінін және Роналдудың 1000 голдық тарихи межеге жету жолын мұқият бақылауды жалғастыратынын хабарлады.
“ФИФА түпкілікті өзгерістер енгізгенге дейін есептеулер осылай қалады”, — деп қосты Sofascore.
Футбол жанкүйерлері болса Роналдудың әрбір голын тарихи жетістік ретінде үлкен қызығушылықпен бақылауды жалғастырып отыр.