ПСЖ мен «Бавария» текетіресі: жартылай финалдың нағыз финалы

Еуропа футболындағы ең үлкен сахналардың бірі — УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында нағыз алпауыттар кездеседі. Қазіргі чемпион ПСЖ мен Германия гранды «Бавария» арасындағы бәсекені көпшілік «ерте финал» деп бағалауда.
Алғашқы кездесу бүгін, 28 сәуір күні Париждегі Парк де Пренс стадионында өтеді. Қарымта ойын болса бір аптадан кейін Мюнхендегі Альянц Аренада ұйымдастырылады.
Осы жұптың жеңімпазы финалда «Арсенал» немесе Мадридтің «Атлетико» клубына қарсы алаңға шығады.
Париждіктердің құрамына көз жүгіртсек, команда шабуылда өте қауіпті көрінеді. Усман Дембеле, Хвича Кварацхелия және Гонсалу Рамуш сияқты футболшылар қарсылас қорғанысы үшін үлкен қиындық тудыратыны анық.
Ал жартылай қорғаныста Витинья мен Фабиан Руис ойынды бақылауға тырысады.
Қорғаныс шебінде Маркиньос пен Ашраф Хакими сияқты тәжірибелі ойыншылар бар. Қақпа болса ресейлік кипер Матвей Сафоновқа сеніп тапсырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, командада кейбір жарақат алған футболшылар бар екені айтылуда. Алайда бас бапкер Луис Энрике бұл жағдайға сабырмен қарап отыр: «Бәрі дайын, сұрақтар жоқ», — деп сенім білдірді.
«Бавария» болса дәстүрлі түрде жинақы, жылдам және қысымға негізделген ойынымен қауіпті. Неміс клубы ірі ойындардағы тәжірибесімен ерекшеленеді және кез келген қарсылас үшін маңызды сынақ болып саналады.
Қысқасы, бұл жұп тек жартылай финалдың ғана емес, бүкіл турнирдің тағдырын шешуі мүмкін текетірес. Париждегі алғашқы ойын барлық карталарды ашып беруі ықтимал.
Ал жанкүйерлер нағыз шоу күтуде.