Жұлдызаралық кометалар Құс жолы массасының жартысын құрауы мүмкін

Халықаралық зерттеушілер тобы Құс жолының «жоғалған массасының» елеулі бөлігі қараңғы материямен емес, жұлдызаралық кеңістікте еркін қозғалатын нысандармен — кометалар мен астероидтармен байланысты болуы мүмкін деген болжамды алға тартты. arXiv порталында жарияланған бұл зерттеу дәстүрлі қараңғы материя теориясына балама тәсілді ұсынады. Бұл туралы Ixbt.com хабарлайды .
Әдетте Галактикадағы қараңғы материяның бар екендігі жұлдыздардың айналу жылдамдығын талдау негізінде тұжырымдалады. Бақылаулар Галактика шетіндегі жұлдыздардың көрінетін масса (жұлдыздар мен газ) негізінде күтілгеннен тезірек айналатынын көрсетеді. Бұл алшақтық электромагниттік сәулеленумен әрекеттеспейтін, бірақ гравитация арқылы байқалатын көрінбейтін массамен түсіндіріледі.
Жаңа жұмыста жұлдызаралық нысандардың (ISO) жалпы үлесі қарастырылды. Бұған бұрын тіркелген 1I/ʻOumuamua, 2I/Borisov және 3I/ATLAS сияқты басқа жұлдыздық жүйелерден келген сирек қонақтар мысал бола алады. Зерттеушілердің пікірінше, әрбір нысанның массасы аз болса да, олардың Галактикадағы жалпы саны елестету мүмкін емес деңгейде көп болуы мүмкін.
Пуассон үлестіріміне негізделген статистикалық модельді қолдана отырып жүргізілген есептеулер жұлдызаралық нысандардың жалпы массасы қараңғы материяға тиесілі деп саналатын «жоғалған массаның» 13%-дан 45%-ға дейінгі бөлігін түсіндіре алатынын көрсетті. Бұл мұндай нысандардың гравитациялық динамикадағы рөлі айтарлықтай болуы мүмкін екенін білдіреді.
Дегенмен, авторлар бұл есептеулердің өте шағын таңдама (негізінен 3I/ATLAS нысаны) негізінде жүзеге асырылғанын атап өтуде. Алдағы жылдары жаңа аспан шолу жобалары көбірек жұлдызаралық нысандарды анықтайды деп күтілуде. Бұл деректер кометалардың шынымен де Галактика массасы мәселесін шеше алатынын немесе олардың рөлі екінші дәрежелі екенін анықтауға көмектеседі.



















Пікірлер 0
…