Amazon іздеу нәтижелерінде жасанды интеллект жасаған суреттерді көрсетеді

Amazon компаниясы өзінің сауда қосымшасында пайдаланушылардың іздеу сұраныстарына негізделген, жасанды интеллект (AI) жасаған тауар суреттерін көрсететінін жариялады. Бұл жаңалық нақты тауарлар сатылатын платформада жасанды суреттердің қаншалықты пайдалы болатыны туралы түрлі сұрақтар тудыруда. Компания блогындағы жазбаға сәйкес, бұл функция сатып алушыларға іздеп жүрген, бірақ нақты атауын білмейтін заттарды табуға көмектеседі. Бұл туралы Techcrunch.com хабарлайды .
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді? Мысалы, пайдаланушы іздеу жолағына сұраныс енгізгенде, автоматты толықтыру ұсыныстарының астында AI генерациялаған әртүрлі стильдегі тауар суреттері пайда болады. Егер сіз «көк шаршылы көйлек» деп іздесеңіз, жүйе ұзындығы мен жеңі әртүрлі көйлек үлгілерін визуалды нұсқа ретінде көрсетеді. Осы суреттердің бірін таңдау арқылы Amazon-ның визуалды іздеу технологиясының көмегімен дәл сол стильге сәйкес келетін нақты тауарлар тізіміне өтесіз.
Дегенмен, сарапшылар бұл тәсілді біраз оғаш деп санайды. Біріншіден, бұл сатып алушыларды адастыруы мүмкін: пайдаланушы суреттегі дәл сол тауарды сатып алғысы келіп, нәтижелер арасынан таба алмаса, көңілі қалуы сөзсіз. Екіншіден, сайтта миллиондаған нақты тауардың фотосуреттері тұрғанда, неге жасанды суреттерді қолдану керектігі түсініксіз болып қалуда.
Amazon соңғы уақытта өз платформасына жасанды интеллектті белсенді түрде енгізуде. Бұрын компания клиенттер пікірлерін AI көмегімен қорытындылау, тауарлар туралы қысқа аудио-шолулар дайындау және Amazon Lens Live сияқты функцияларды іске қосқан болатын. Сондай-ақ, жақында дауыстық және мәтіндік сұраныстарды жақсырақ түсінетін Alexa for Shopping Rufus AI чат-ботының орнын басты.



















Пікірлер 0
…