date

Ташкентте дәрі-дәрмектер енді тек "электронды рецептпен"

Ташкентте дәрі-дәрмектер енді тек "электронды рецептпен"

2025 жылдың 10 декабрінен бастап Ташкент қаласы мен тағы бірқатар аумақтарда дәрі-дәрмек сату бойынша жаңа ережелер күшіне енді. Жаңа тәртіпке сәйкес, енді 13 мыңға жуық дәрі-дәрмекті тек дәрігердің рецепті бойынша алуға болады. Бұл тізімге антибиотиктер, гормоналды және психотропты препараттар, медициналық спирт сияқты заттар да кірді.

Салада басталған реформалар аясында "Электрондық рецепт" - DMED цифрлық ақпараттық жүйесі енгізілуде. Министрлер Кабинетінің No570 қаулысына сәйкес, 2025 жылдың 10 декабрінен бастап жүйе Ташкент пен елдің 15 қаласы мен ауданында сынақ ретінде жұмыс істейді. 2026 жылдың соңына дейін барлық ауруханалар мен дәріханалар толық қосылып, 2027 жылдың январынан бастап жалпылама түрде жұмыс істейді.

Енді барлық медициналық және фармацевтикалық мекемелер DMED платформасы арқылы жұмыс істейді. Платформа толық іске қосылғанша, қолданыстағы электронды денсаулық сақтау жүйесі жұмыс істейді.

Дәрігерлер тағайындайтын дәрі-дәрмектер цифрлық түрде рәсімделіп, "Электрондық рецепт" модуліне интеграцияланады. Препараттар халықаралық атаулармен белгіленеді - тек күшті әсер ететін, психотроптық заттар мен реимбурсия бағдарламасына кірген дәрі-дәрмектерді қоспағанда.

Электрондық рецепт алу үдерісі төмендегідей:

1. Науқас дәрігердің қабылдауынан өтеді және емдеу бағыты анықталады.

2. Барлық мәліметтер электронды медициналық картаға енгізіледі.

3. Дәрігер QR-код және электронды қолтаңба арқылы рецептті ресімдейді.

4. Пациент дәріханаға жүгінеді, фармацевт рецептті тексеріп, дәріні береді және ақпаратты жүйеге енгізеді.

5. Қажет болған жағдайда қағаз түріндегі рецепт ұсынылуы мүмкін.

Электрондық рецептте дәрігердің мәліметінен бастап, науқастың ЖСНП, диагнозы, дәрі-дәрмектің атауы мен қабылдау тәртібіне дейінгі барлық ақпарат көрсетіледі.

Жүйе арқылы тек Өзбекстанда тіркелген дәрі-дәрмектер беріледі. Фармацевтер дәрінің сериясы мен мерзімін жүйеге енгізіп отырады, ал дәрігерлер онлайн бақылау мүмкіндігіне ие болады.

Электрондық рецепт медициналық нұсқауларсыз немесе елде тіркелмеген дәрі-дәрмектер үшін ресімделмейді. Анестезия құралдары да электронды түрде берілмейді.

Бақылауды Денсаулық сақтау министрлігі мен аумақтық бөлімшелер жүзеге асырады, ал дәріханалардағы үдерістер Фармацевтикалық қауіпсіздік орталығы арқылы қадағаланады. Күшті әсер ететін препараттарды есепке алу жүйесі 2027 жылдың 1 январына дейін толық әзірленуі белгіленген.

2025 жылдың 9 декабріндегі жағдай бойынша елімізде 12 817 дәрі-дәрмек тіркелген және олардың барлығы электронды рецепт негізінде беріледі. Тізімде антибиотиктер, гормоналды және психотропты заттардан басқа анальгин, диклофенак, аскорбин қышқылы, этил спирті 70%, лидокаин сияқты танымал дәрі-дәрмектер де бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, жаңа жүйе заңсыз рецептерді азайтады, дәрі-дәрмектердің шамадан тыс қолданылуын шектейді және фармацевтикалық нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ контрабанда мен заңсыз препараттарды анықтау мүмкіндіктері кеңейеді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Ташкентте дәрі-дәрмектер енді тек "электронды рецептпен"