date

Зейнетақы жүйесіне үлкен жаңалықтар енгізіледі

Зейнетақы жүйесіне үлкен жаңалықтар енгізіледі

Өзбекстанда алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибе негізінде мемлекеттік зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында зейнетақы жүйесін реформалауды көздейтін кешенді бағдарлама әзірленеді.

Президент жарлығымен бекітілген 2026 жылға арналған мемлекеттік бағдарламада айтылғандай, жыл соңына дейін әзірленетін кешенді бағдарламада төмендегілер қарастырылады:

- қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін қайта қарау;

- зейнетақы қорларын капиталдандырудың тиімді тетіктерін енгізу;

- зейнетақы қорының қаражаттарын тиімді жұмылдыру және ұзақ мерзімді инвестицияға бағыттау тетіктерін енгізу арқылы капитал нарығын дамыту;

- Экономика және қаржы министрлігі жанынан тұрақты зейнетақы жүйесін құру бойынша халықаралық консультанттардан тұратын жобалық офисті құру.

Құжатпен 2026 жылдың июль айына дейін зейнетақыдан шегерім жасалғаннан кейін зейнеткерге төленетін зейнетақы мөлшері ресми түрде белгіленген ең төменгі тұтыну шығындарынан кем болмауын көздейтін заң жобасын дайындау жоспарланған. Осы заңмен "Азаматтардың мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, ай сайынғы шегерімдердің мөлшері зейнетақының 50 пайызынан аспайтыны, шегерім қолданылғаннан кейін зейнеткерге төленетін зейнетақы мөлшері ресми түрде белгіленген ең төменгі тұтыну шығындарынан төмен болмауға жол берілмейтіні белгіленеді.

Сондай-ақ, қыркүйекке дейін кейбір мемлекеттік қызметтерді халық пен кәсіпкерлік субъектілерінің өтінішінсіз (проактивті) уәкілетті органдардың бастамасы негізінде көрсетуді жолға қою бойынша нормативтік-құқықтық акт жобасы дайындалады. Жобада кейбір мемлекеттік қызметтерді уәкілетті органдардың бастамасы негізінде көрсетуді жолға қою көзделген.

Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға жеке жинақтаушы зейнетақы шотындағы қаражат олардың өтінішінсіз беріледі. Мемлекеттік ЖОО-ға оқуға қабылданған жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер, Әлеуметтік реестрге енгізілген отбасылардың балалары, I және II топтағы мүгедектігі бар студенттерге студенттік жатақханаға қабылданғандығы туралы жолдама да проактивті түрде беріледі.

Өзбекстанда зейнетке шығу жасын арттыру да жоспарлануда. 2025 жылдың октябрінде Экономика және қаржы министрлігіне қарасты Зейнетақы қорының атқарушы директоры Муродбек Отажонов зейнетақы реформасының жобасына сәйкес, ерлер үшін зейнет жасын 60 жастан 63 жасқа дейін, ал әйелдер үшін 55 жастан 58 жасқа дейін арттыру ұсынылып отырғанын, бұл ретте зейнетақы жасын арттыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын - жыл сайын жарты жылдан қосылатынын айтқан еді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Меҳмон» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Өзбекстан » Зейнетақы жүйесіне үлкен жаңалықтар енгізіледі