date

Ми жасушаларының қартаюын баяулататын табиғи өсімдік анықталды

Ми жасушаларының қартаюын баяулататын табиғи өсімдік анықталды

Риу-Гранди-ду-Сул федералды университетінің ғалымдары жүргізген жаңа зерттеу америкалық райхан (базилик) сығындысының мидың қартаюын баяулататынын, сондай-ақ тотығу стрессі мен қабыну процестерін төмендететінін көрсетті. Ғылыми жұмыстың нәтижелері Nutrients журналында жарияланды.

Мамандар егеуқұйрықтарға тәжірибе жасап, қоспаның жады мен оқу процестеріне жауап беретін гиппокамп аймағына әсерін талдады.
Алынған нәтижелерге сәйкес, райхан құрамындағы қосылыстар зат алмасу кезінде түзілетін және жасушаларға зиян келтіретін белсенді оттегі түрлерінің мөлшерін азайтады.

Белсенді оттегі түрлерінің артық жиналуы тотығу стрессін тудыратыны белгілі. Бұл жағдай әсіресе ми жасушаларының қызметіне теріс әсер етіп, нейрон жарғақшаларын зақымдауы және жүйке импульстерінің берілуін баяулатуы мүмкін.

Сонымен қатар, райхан сығындысы гиппокамп жасушаларының жарғақшаларының зақымдануына жол бермейтіні, қабынуды күшейтетін TNF-α және IL-1β молекулаларының деңгейін төмендететіні атап өтілді. Ғалымдардың пікірінше, бұл молекулалардың жоғары мөлшері нейроқабынуды күшейтіп, мидың қартаюын жеделдетеді.

Биохимиялық талдаулар райхан құрамында күшті антиоксиданттық қасиетке ие розмарин және хлороген қышқылдарының көп мөлшерде бар екенін көрсетті. Зерттеушілер дәл осы заттар ми жасушаларын қорғайтын нейропротекторлық әсерді қамтамасыз ететінін баса айтады.

Мамандар бұл нәтижелер болашақта америкалық райхан сығындысы негізінде биологиялық белсенді қоспалар мен нутрицевтикалық құралдар жасап шығаруға мүмкіндік беретінін білдіруде. Алайда адам ағзасы үшін ең оңтайлы доза мен түрді анықтау мақсатында қосымша ғылыми зерттеулер қажет.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Денсаулық » Ми жасушаларының қартаюын баяулататын табиғи өсімдік анықталды