date

Түркияда Осман Азимнің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап шықты

Түркияда Осман Азимнің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап шықты

Түркияда өзбек ақыны Усмон Азим туралы ғылыми кітап жарық көрді. Бұл туралы кітап авторы, түрік ақыны және әдебиеттанушы Фатих Сұлтан Йылмаз Facebook парақшасында хабарлады, деп жазды TimeTürk.

Йылмаздың “Өзбек әдебиетінің бір жанкештісі: Усмон Азим (дәуір, тұлға, шығарма)” атты ғылыми еңбегі ақынның 75 жылдығына орай басылып шықты. Кітап үш бөлімнен тұрады, бірінші және үшінші бөлімдердің авторы — Йылмаздың өзі.

Бірінші бөлімде Усмон Азимнің әдеби бейнесі, шығармашылық жолы және туындыларындағы идеялық бағыттар ғылыми тұрғыда талданған. Екінші бөлімге өзбек және түрік әдебиеттанушылары — Шоира Ахмедова, Насиба Норова, Сарвиноз Неъматова, Мадинабону Рахматова және басқалардың арнайы мақалалары енгізілген. Бұл еңбектер Йылмаз тарапынан түрік тіліне аударылған.

Үшінші бөлімде автордың Ташкентте Усмон Азиммен жүргізген сұхбаты берілген. Онда ақынның түрік және әлем әдебиетіне қатысты бұрын жарияланбаған ой-пікірлері қамтылған.

“Бұл сұхбат арқылы сіз тек ақынның шығармашылығын ғана емес, оның ішкі әлемін де тани аласыз. Түркі дүниесі әдебиетіне қайырлы болсын”, — деп жазды Йылмаз.

Фатих Сұлтан Йылмаз сондай-ақ Усмон Азимнің өлеңдерінің түрікше аудармаларын “Sessızce oturdum dünya içinde” атты жеке жинақ ретінде Bengü баспасынан шығарған. Онда ақынның алғашқы кезеңінен қазіргі шығармаларына дейінгі туындылары енген.

Анықтама үшін: Фатих Сұлтан Йылмаз 1995 жылы Трабзон қаласында туған. Ол түркі халықтарының әдебиетін зерттеумен айналысады. Абай Құнанбаев туралы кітап жазған және өзбек, қазақ, қырғыз, түрікмен, әзербайжан ақындарының көптеген өлеңдерін түрік тіліне аударған.

Усмон Азим қазіргі өзбек поэзиясының ірі өкілдерінің бірі саналады. Оның “Ҳолат”, “Оқибат”, “Кўзгу”, “Жоду”, “Сўнгсўзлар” атты шығармалары әдебиетте терең із қалдырған. Ақын 1998 жылы “Достлық” орденімен марапатталған және шамамен үш мың өлеңнің авторы.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Мәдениет » Түркияда Осман Азимнің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап шықты