date

Өзбекстан ЖОО-лары алғаш рет әлемдік рейтингтің жоғары сатысында

Өзбекстан ЖОО-лары алғаш рет әлемдік рейтингтің жоғары сатысында

9 қазан күні жарияланған Times Higher Education (THE) World University Rankings 2026 нәтижелеріне сәйкес, Өзбекстанның жоғары оқу орындары тарихи жетістікке жетті. Алғаш рет бірнеше жергілікті университет әлемнің ең беделді оқу орындары қатарына кірді.

Хабарламаға қарағанда, Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты алғаш рет әлемнің үздік 600 университетінің қатарына (501–600 орын) енді. Бұл нәтиже елдің білім беру жүйесіндегі жаңа кезеңді білдіреді, деп жазды Times Higher Education.

Бұдан бөлек, бірнеше өзбек университеті де жаһандық рейтингке енді:
Ташкент мемлекеттік техникалық университеті – 1001–1200 аралығында,
Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті – 1201–1500 аралығында,
Ташкент ақпараттық технологиялар университеті – 1501+ санатында.

Сонымен қатар, 58 өзбек университеті “репортер” мәртебесімен тізімге енгізілді. Бұл олардың алдағы жылдары толық қатысушы ретінде рейтингке ену мүмкіндігін білдіреді.

2026 жылғы THE World University Rankings талдауына 115 ел мен өңірден 2 191 университет қатысты. Орталық Азия мен Кавказ аймағынан 17 оқу орны кірді, Өзбекстан болса алғаш рет төрт университетпен қатысып отыр.

Times Higher Education рейтингі әлемдегі ең сенімді және беделді білім бағалау жүйелерінің бірі болып саналады. Университеттер бес негізгі бағыт бойынша бағаланады: білім сапасы, ғылыми зерттеу қызметі, халықаралық әріптестік, ғылыми әсер және өнеркәсіппен байланыс.

Бұл нәтижелер Өзбекстанның жоғары білім жүйесіндегі реформалардың, академиялық ашықтықтың және халықаралық беделдің артып келе жатқанын көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек бастамасы — алдағы жылдары өзбек университеттері әлемдік рейтингтерде одан да жоғары орындарға көтеріледі деп күтілуде.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Өзбекстан ЖОО-лары алғаш рет әлемдік рейтингтің жоғары сатысында