Қашқадария облысында банк қызметкері клиенттердің атынан олардың келісімінсіз несие рәсімдегені анықталды. Сотта оған үкім оқылып, бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Ақпаратқа қарағанда, Қамашы ауданындағы банктердің бірінде маман болып жұмыс істеген 25 жастағы әйел бірнеше азаматтың атынан жалған құжаттар жасаған. Ол аудан аумағында тұратын бір адамның атына 17 миллион сум, Ғузор ауданындағы тағы бір азаматтың атына 32 пайыздық 40 миллион сум, Дехканабад ауданында тұратын клиенттің атына 14 миллион сум және тағы бір азаматтың атына 17 миллион сум несие қаражатын олардан хабарсыз ресімдеген.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы азаматтардың қолтаңбаларын қолдан жасап, банк жүйесі арқылы несиелерді өз мүддесі үшін өткізген.
Сот үкімі бойынша ол Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Естеріңізге сала кетейік, Бәсекелестік комитеті бұған дейін несие өнімдерін жарнамалағанда клиенттерді ықтимал салдары туралы алдын ала ескерту талабын енгізуді ұсынған болатын. Мұндай жағдайлар қаржылық ұйымдарда жауапкершілік пен ашықтықты күшейту қажеттігін тағы бір рет көрсетеді.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!