date

Кәмелетке толмағандар үшін қылмыстық жауапкершілік тәртібі жеңілдетілді

Кәмелетке толмағандар үшін қылмыстық жауапкершілік тәртібі жеңілдетілді

Өзбекстанда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық жауапкершілік жүйесі жаңа тәртіпте қайта қаралды. Үстіміздегі жылдың 23 октябрінде қабылданған ЗРҚ-1092-санды заңға сәйкес, Қылмыстық кодекске бірқатар маңызды өзгертулер мен қосымшалар енгізілді. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Жаңа нормаға сәйкес, егер адам 18 жасқа толмастан қылмыс жасаса және жазасын толық өтесе, ол сотталмаған болып саналады. Яғни, мұндай жағдайда оның сотталғаны туралы мәліметтер базасында жазба қалдырылмайды. Бұл шешім жасөспірімдердің болашақта қоғамға қайта ықпалдасуын жеңілдетуге бағытталған.

Бірақ бұл жеңілдік барлық жағдайларға қатысты емес. Заңға сәйкес, егер адам аса ауыр қылмыс жасаса немесе жазасын өтеп болғаннан кейін де 18 жасқа толғанға дейін қасақана жаңа қылмыс жасаса, онда бұл жеңілдік қолданылмайды.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру жазаларының ең төменгі мерзімі де қысқартылды. Бұрын бұл мерзім алты ай деп белгіленген болса, жаңа заң бойынша ол бір айға дейін қысқартылды.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістер қылмыстық саясатты гуманитарлық принциптерге бейімдеу, жас ұрпақты қоғамнан шеттетпеу және оларға түзелуге мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асырылған.

Жаңа тәртіп арқылы соттар жастарға қатысты жауапкершілік шараларын қолдана отырып, олардың психологиялық жағдайын, тәрбие деңгейін және қылмыс жасау себептерін де ескереді.

Заңнамадағы бұл жаңалықтар кәмелетке толмағандар үшін қылмыстық жүйені қайта реформалауға және оларды түзетуге бағытталған гуманистік тәсілді одан әрі нығайтады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Қоғам » Кәмелетке толмағандар үшін қылмыстық жауапкершілік тәртібі жеңілдетілді