
Самарқандта өткен ресми іс-шаралар аясында Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев ЮНЕСКО бас директоры Одри Азуле ханыммен кездесу өткізді. Әңгіме барысында көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және болашағы туралы мәселелер негізгі тақырып болды.
Кездесу соңында Одри Азулеге мемлекеттің жоғары марапаты – «Достық» ордені табысталды. Бұл марапат ғылыми, білім беру және мәдени салалардағы байланыстарды нығайтудағы зор еңбегі, сондай-ақ, Өзбекстан халқының бай тарихи және мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттаудағы жеке үлесі үшін берілді.
Сұхбат барысында Одри Азуле Самарқандта өтіп жатқан ЮНЕСКО Бас конференциясының 43-сессиясын ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Ол бұл шараның тарихи маңызына ерекше назар аударып, соңғы 40 жылда ұйымның бас форумы алғаш рет Париждегі бас штабтан тыс өтіп жатқанын атап өтті.
Конференцияға дайындық деңгейі және кең ауқымды бағдарлама жоғары бағаланды. Сессия бағдарламасы маңызды ынтымақтастықты көрсететін бірқатар іс-шараларды қамтиды.
Олардың қатарында Ташкентте ЮНЕСКО-ның Өңірлік мектепке дейінгі білім беру орталығының ашылуы, жасанды интеллект этикасы жөніндегі зерттеулер үшін Әбу Райхан Бируни атындағы халықаралық сыйлықты тапсыру рәсімі, сондай-ақ, Самарқандтың 3000 жылдығына арналған арнайы іс-шара бар. Бұдан бөлек, музей ісі, жасанды интеллектті дамыту және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған салалық форумдар өткізу жоспарланған.
Тараптар соңғы жылдары Өзбекстан мен ЮНЕСКО арасындағы қарым-қатынаста қол жеткізілген едәуір табыстарды қанағаттанушылықпен атап өтті. Бірлесіп ірі халықаралық конференциялар ұйымдастырылды, беделді халықаралық сыйлық тағайындалды.
Сондай-ақ, елдің жаңа объектілері мен мәдени дәстүр элементтерінің Дүниежүзілік мұра тізіміне және Адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілуі маңызды нәтижелердің бірі болды. Кездесу соңында басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге бағытталған жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайындық расталды.
2001 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне «Самарқанд – мәдениеттер тоғысы» ретінде енгізілген Самарқанд жақында ресми түрде «қартайды». Жаңа археологиялық олжалар мен пәнаралық зерттеулердің негізінде қаланың жасы 2750 жылдан 3000 жылға қайта қарастырылып, бұл 2025 жылдың шілде айында Самарқанд облысы халық депутаттары кеңесінің шешімімен ресми түрде бекітілді.
UNESCO басшысы Өзбекстанда «Достық» орденімен марапатталды
Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз Тақырыпқа қатысты жаңалықтар