Сот жүйесінде медиа ашықтықты арттыруға жаңа қадам жасалды

Елімізде сот-құқық жүйесінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, жұртшылықтың сенімін нығайтуға бағытталған реформалар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта Әділ сот академиясында Бұқаралық ақпарат құралдары үшін контент дайындау орталығымен бірлесіп маңызды оқу бастамасы қолға алынды.
Мәлім етілгендей, сот органдарының ақпараттық қызмет қызметкерлері мен судьялар үшін «Медиа-коммуникация және дағдарыстық жағдайларда жұмыс істеу» тақырыбында арнайы екі күндік оқу курсы басталды. Бұл бағдарлама сот жүйесі мен медиа арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Оқу-тәжірибелік сабақтар аясында қатысушыларға сот қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында дұрыс және шынайы жариялау, блогерлермен тиімді ынтымақтастық орнату, ақпаратты жедел әрі дәл жеткізу сияқты маңызды дағдылар үйретілуде. Сонымен қатар, ашықтық пен кінәсіздік презумпциясы арасындағы теңгерімді сақтау, медиа жауапкершілігін сезіну мәселелеріне де ерекше назар аударылуда.
Бағдарлама барысында сыни материалдарды талдау, ресми ақпараттық арналарды тиімді жүргізу, дағдарыстық жағдайларда дұрыс және жедел коммуникация орнату бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырылуда. Бұл сот қызметкерлерінің заманауи ақпараттық ортада тиімді жұмыс істеуіне қызмет етеді.
Сондай-ақ, қатысушылар заманауи медиа мәтін дайындау, сот шешімдерін жұртшылыққа қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу, тікелей эфир мен сұхбаттарда әсерлі сөйлеу, репутациялық тәуекелдерді басқару сияқты дағдыларды меңгеруде. Айта кетерлік жайт — курс бағдарламасына жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері де енгізілген.
Мамандардың пікірінше, аталған оқу курсы сот жүйесі мен жұртшылық арасында ашық, сенімді және тиімді диалогты қалыптастыруда маңызды практикалық платформа қызметін атқарады.
Анықтама ретінде айта кеткен жөн, бұл оқу бағдарламасы ертең де жалғасып, қатысушылар үшін жаңа білім мен тәжірибелер ұсынылады.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!