date

Энергия шығынына жол бергені үшін 44 басшы қызметінен босатылды

Энергия шығынына байланысты 44 басшы қызметінен босатылды

Энергетика саласында елеулі өзгерістер басталды. Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудовтың төрағалығымен «Аймақтық электр тораптары» акционерлік қоғамында өткен сын-тегеурінді жиында жүйедегі кемшіліктер қатаң талқыланды.

Жиын барысында электр энергиясының шығыны жоғары аймақтардағы 44 аудандық және қалалық электр кәсіпорындарының басшылары қызметінен босатылды.

Министр өз сөзінде энергия тиімділігін арттыру, ресурстарды ұтымды пайдалану және шығынды күрт қысқарту бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты саланың түйткілді мәселелері сын тұрғысынан талданды.

Мәлім етілгендей, «Аймақтық электр тораптары» АҚ-да өткен бұл жиынға желі басшылары, аймақтық электр және газбен жабдықтау кәсіпорындарының жауапты тұлғалары да қатысты. Онда инспекциялық органдар жүргізген тексерулердің нәтижелері де қаралды.

Атап айтқанда, Электр энергиясын, мұнай өнімдері мен газды пайдалануды бақылау инспекциясы жүргізген зерттеулерде бірқатар елеулі кемшіліктер анықталған. Аталған мәселелерді жою мақсатында аймақтарда арнайы жұмыс топтары құрылды.

Олар барлығы 106 140 трансформаторлық пунктті тексеріп, оның 25 668-і жөндеуді қажет ететінін анықтады. Қазіргі таңда бұл құрылғыларды қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Жиында, сондай-ақ, жоғары жүктемемен жұмыс істеп тұрған электр желілеріндегі ескі сымдарды жаңарту, инфрақұрылымды модернизациялау және реконструкциялау жұмыстарын жеделдету бойынша нақты міндеттер белгіленді. Заңсыз қосылулар мен энергия ұрлығының алдын алу шараларын күшейту де басым бағыт ретінде көрсетілді.

Ең қатаң шешімдердің бірі ретінде электр энергиясының шығыны 20 пайыздан жоғары аймақтардағы басшылар қызметінен шеттетілді. Атап айтқанда, Әндіжан филиалында 14, Жызақта 7, Самарқанда 10, Қашқадарияда 4, сондай-ақ Сырдария, Ташкент және Ферғана облыстарында 2 басшыдан жұмыстан босатылды.

Жиын аясында газбен жабдықтау жүйесіндегі кемшіліктер де қатаң сынға алынды. Атап айтқанда, «Hududgaz Xorazm» филиалы басшысын қызметінен босату туралы тапсырма берілгені хабарланды.

Мұндай қатаң шаралар саладағы тәртіпті күшейтуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және халықты тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Ендігі басты сұрақ — жаңадан тағайындалатын басшылар бұл сенімді ақтай ала ма?

Уақыт бұл сұраққа нақты жауап береді.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Ақпарат
«Қонақ» тобындағы келушілер бұл жарияланымға пікір қалдыра алмайды.
Жаңалықтар » Қоғам » Энергия шығынына жол бергені үшін 44 басшы қызметінен босатылды