date

Месси мен Лапортаның қарым-қатынасы қайта жылынды

Месси мен Лапортаның қарым-қатынасы қайта жылынды

«Барселона» клубының президенті Жоан Лапорта клуб аңызы саналатын Лионель Мессимен қарым-қатынастары қайта орнап келе жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі тарап арасындағы келіспеушіліктер енді өткеннің еншісінде.

«Мен Мессимен өте жақсы қатынаста болдым. Бірақ сол кезде келісімді ұзарту мүмкін болмағандықтан, жағдай қиындады. Енді бәрі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Ол өзіне лайық құрмет пен ілтипатты алатынына сенемін», — деді Лапорта, журналист Фабрицио Романоға берген сұхбатында.

Мессидің «Барселонадағы» мансабы 2004 жылы басталып, 2021 жылға дейін жалғасты. Осы жылдар ішінде аргентиналық жұлдыз әлем футболының ең жарқын кезеңдерінің бірін жазды — 10 мәрте Испания чемпионы, 4 мәрте Чемпиондар лигасы жеңімпазы және 6 мәрте «Алтын доп» иегері атанды.

2021 жылы ол еркін агент ретінде «ПСЖ»-ға ауысты. Бұл жағдай «Барселона» жанкүйерлері үшін күтпеген әрі ауыр жаңалық болды. Осыдан кейін Лапорта мен Месси арасындағы байланыс салқындаған еді.

Алайда енді жағдай өзгерді. Деректерге қарағанда, соңғы айларда екі тарап қайта байланыс орнатқан. Тіпті, алдағы уақытта Мессидің «Барселонаға» құрметті тұлға ретінде оралуы мүмкін деген әңгімелер бар.

Лапортаның айтуынша, клуб басшылығы үшін Мессидің есімі мен орны мәңгілік қадірлі болып қала береді. «Оның еңбегі — “Барселона” тарихының ең жарқын беті. Біз оны әрдайым мақтанышпен еске аламыз», — деді ол.

Осылайша, аргентиналық жұлдыз бен каталон клубы арасындағы мұз ери бастағандай. Бұл бүкіл футбол жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық, өйткені Месси мен «Барселона» есімдері әрқашан бірге аталады.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Месси мен Лапортаның қарым-қатынасы қайта жылынды