date

Месси Сауд Арабиясында төрт ай ойнағысы келген, бірақ одан бас тартқан

Месси Сауд Арабиясында төрт ай ойнағысы келген, бірақ одан бас тартқан

Аргентина құрамасының капитаны және "Интер Майами" шабуылшысы Лионель Месси Сауд Арабиясында ойнағысы келген, бірақ бұл жоспары жүзеге аспай қалды. Бұл туралы Сауд Арабиясындағы Mahd таланттарды дамыту академиясының бас менеджері Абдулла Хаммад Thmanya басылымына берген подкастында айтты.

Белгілі болғандай, 38 жастағы әлем чемпионы 2026 жылғы әлем чемпионатына дайындалу мақсатында Сауд Арабиясының клубтарының біріне уақытша барғысы келген. Месси бұл жоспарды Америка MLS лигасындағы маусымдар арасындағы төрт айлық үзіліс кезінде жүзеге асыруды жоспарлаған.

"Мессидің командасы өткен жазда менімен байланысқа шықты. Олар оның Сауд Арабиясында төрт ай ойнағанын қалады. Бұл шешімнің негізгі мақсаты - оны 2026 жылғы әлем чемпионаты үшін идеалды жағдайда сақтау болды," - деді Хаммад.

Оның айтуынша, бұл идея жаңа емес - бұрындары Дэвид Бекхэм де солай істеген. "Бекхэм де кезінде "Лос-Анджелес Гексиде" ойнап, кейін "Миланға" төрт айлық келісімшарт негізінде ауысқан еді. Біз Месси үшін де осындай нұсқаны талқыладық. Бірақ мен бұл ұсынысты министрге жеткізгенде, ол бас тартты," - деді Хаммад.

Билік өкілдерінің пікірінше, Сауд Арабиясы чемпионаты тәжірибе немесе уақытша жаттығу алаңына айналмауы керек. Хаммадтың айтуынша, министр бұл шешім арқылы ел чемпионатының беделін және ұзақ мерзімді даму стратегиясын қорғаған.

"Министр ашық айтты: Сауд Арабиясы чемпионаты тек маркетинг үшін немесе жаттығу алаңы болуы мүмкін емес. Бұл жарыс әлемнің түкпір-түкпірінен талантты футболшыларды тартып, жоғары деңгейдегі лигаға айналу мақсатында құрылуда. Сондықтан Мессидің тек төрт айға келу туралы ұсынысы қабылданбады," - деді Хаммад.

Ақпарат үшін, Лионель Месси жақында "Интер Майами" клубымен келісімшартын 2028 жылға дейін ұзартты. Ол Америка лигасында (MLS) қызметін жалғастыруда және қазіргі уақытта клубтың ең маңызды тұлғаларының бірі болып табылады.

Сауд Арабиясы соңғы жылдары футбол саласын қарқынды дамытып келеді - Роналду, Бензема, Канте сияқты жұлдыздар жергілікті клубтарға қосылды. Бірақ ел билігі сонымен бірге чемпионаттың мақсатын спорттық даму ретінде сақтап қалуға ниетті екенін қайта-қайта айтып келеді.

Осылайша, Мессидің Сауд Арабиясында қысқа уақыт ойнау арманы орындалмады. Бірақ бұл жағдай футбол әлемінде Сауд Арабиясы чемпионатының өз позициясын нығайтып жатқанын және оның имиджі енді уақытша сахна емес, ұзақ мерзімді спорт платформасы ретінде қалыптасып жатқанын тағы бір рет көрсетті.

Ctrl
Enter
Қате таптыңыз ба?
Сөйлемді бөліп, Ctrl+Enter басыңыз
Жаңалықтар » Спорт » Месси Сауд Арабиясында төрт ай ойнағысы келген, бірақ одан бас тартқан