«Реал» жеңілісінен кейін: киім ауыстыратын бөлмедегі үнсіздік және Арбелоаның сөзі

Испания кубогының 1/8 финалында «Альбасетеге» қарсы сенсациялық жеңіліс (2:3) «Реал» үшін тек турнирмен қоштасу ғана емес, психологиялық соққы да болды. Матчтан кейін мадридтіктердің киім ауыстыратын бөлмесіндегі ахуал нағыз «суық желді» еске салған: El Chiringuito мәліметінше, онда тек үнсіздік орнап, бірде-бір футболшы тіл қатпаған.
Айтуларынша, сол сәттегі жағдай тіпті жерлеу рәсіміндегі көңіл күймен салыстырылған. Яғни ашу да жоқ, дау да жоқ — қысқасы, әркім ішінен «қатып» қалған. Осы кезде команданың бас бапкері Альваро Арбелоа араласып, үнсіздікті бұзған.
Дереккөзге сүйенсек, испаниялық маман ойыншыларға қолдау сөздерін айтып, команданы бірлікке шақырып, «қазір сынған жерімізден одан да мықты болып қайта тұруымыз керек» деген сарындағы үндеу жасаған. Арбелоа сондай-ақ нәтиже үшін ең үлкен жауапкершілік өзінде екенін ерекше атап өткен.
Бұл сөздің мәні қарапайым: кінәліні іздеп, бір-бірін «жеп қою» — ең оңай жол. Бірақ «Реал» сияқты клубта ең маңыздысы — реакция. Өйткені жеңілістің ауыры басылады, ал одан кейін қандай қорытынды шығарылғаны команданың болашағын айқындайды.
Еске салайық, осы жеңілістен кейін «Реал» Испания кубогынан шығып қалды, ал «Альбасете» турнирдегі жолын жалғастырады. Мадридтіктер үшін енді бір ғана жол бар: мүмкіндігінше тезірек рухани қалпына келіп, келесі ойындарда «сөзбен емес, нәтижемен» жауап беру.
“Zamin”-ді Telegram-нан оқыңыз!